1. Home
  2. News
  3. ҚОСТАНАЙ ӨҢІРІНІҢ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ЖАҢА БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

ҚОСТАНАЙ ӨҢІРІНІҢ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ЖАҢА БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
23 Apr 2026

Қостанай, 22 сәуір. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты шығарған үш ғылыми басылымның салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараға Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы, Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, реставрациялау және қорғау орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты.
Іс-шара барысында «Қазақстанның археологиялық коллекциясы» сериясы аясында жарық көрген «Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің топтамасынан» атты ғылыми каталог, сондай-ақ «Қазақстан археологиясы: деректер мен зерттеулер» сериясымен жарық көрген тарих ғылымдарының кандидаттары Андрей Логвин мен Ирина Шевнинаның «Неолит Торгая» және «Некрополь Бестамак» атты монографиялары оқырман қауымға таныстырылды.

ҚОСТАНАЙ ӨҢІРІ – АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ КАРТАДАҒЫ МАҢЫЗДЫ АЙМАҚ
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әбілов Ерлан Жангелдіұлы өңірдің Қазақстан археологиялық картасындағы ерекше орнын атап өтті. Оның айтуынша, облыс аумағында 1240-тан астам археологиялық ескерткіш тіркелген және олар ғылыми тұрғыда жүйелі түрде зерттелуде.
Сонымен қатар өңірдің геологиялық ерекшеліктері мен тарихи-мәдени мұрасы да үлкен ғылыми қызығушылық тудырады. Солардың ішінде өңір символына айналған бірегей жәдігер – «Тобыл ойшылы». Бүгінде Торғай геоглифтерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтына ұлы ғалымның ғылыми мұрасын жалғастырып, оның идеяларын дамытып отырғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Өңірде бұл бағытта Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет те маңызды рөл атқарып келеді. Сонымен қатар археолог-ғалым Виктор Николаевич Логвиннің еңбегі ерекше. Бүгінде оның ғылыми дәстүрінің жалғасып жатқаны қуантады», – деп атап өтті ол.

184 ЖӘДІГЕР – 110 ЖЫЛДЫҚ ЕҢБЕКТІҢ НӘТИЖЕСІ
Шарада Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Жұмабекова Гүлнар Сайынқызы каталогтың ғылыми және тәрбиелік маңызына тоқталды.
Оның мәліметінше, басылымға облыстық тарихи-өлкетану музейі мен университет зертханасында 110 жылдан астам уақыт бойы жинақталған 184 жәдігер енгізілген. Жәдігерлер тас дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі хронологиялық ретпен жүйеленіп, әрқайсысына атауы, материалы, табылған орны, экспедиция жетекшісі және мерзімі көрсетілген ғылыми сипаттама берілген.

«Бұл каталог Қостанай өңірінің тарихи маңызын айқындай отырып, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Бейімбет Майлин сияқты тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті өлкенің бай мұрасын танытады. Басылымның басты мақсаты – оны білім беру үдерісінде кеңінен пайдаланып, жастардың туған өлкеге деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін арттыру», – деді ол.

«ҚАЗАҚСТАН АРХЕОЛОГИЯСЫ: ДЕРЕКТЕР МЕН ЗЕРТТЕУЛЕР» СЕРИЯСЫ – ҒЫЛЫМИ МҰРАНЫ ЖҮЙЕЛЕУ ҚҰРАЛЫ

Тұсаукесер барысында «Қазақстан археологиясы: деректер мен зерттеулер» сериясының ғылыми маңызы ерекше атап өтілді. Бұл серияның негізгі мақсаты әр кезеңде жинақталған археологиялық материалдарды ғылыми айналымға енгізу, кеңестік кезеңнен қалған олқылықтардың орнын толтыру және жаңа деректер негізінде бұрынғы тұжырымдарды қайта қарастыру.
Қазіргі уақытта серия аясында 33 том жарық көрген, оның ішінде 5 томы Солтүстік Қазақстан археологиясына арналған. Шараның маңызды сәттерінің бірі – осы бағыттағы соңғы екі іргелі еңбек – «Неолит Торгая» (2024, 336 бет) және «Некрополь Бестамак» (2025, 472 бет) монографияларының таныстырылымы болды.
Аталған басылымдардың негізгі мақсаты ежелгі Қазақ даласының тарихын зерттеуші мамандарға тың деректер ұсыну және Еуразия кеңістігіндегі далалық өркениеттің рөлін әлемдік ғылыми қауымдастыққа кеңінен таныту.

©Суреттерді А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің баспасөз қызметі ұсынды.