1. Home
  2. News
  3. Жанкенттің археологиялық шежіресі: 20 жылдық ізденіс пен жаңа ашылымдар

Жанкенттің археологиялық шежіресі: 20 жылдық ізденіс пен жаңа ашылымдар
23 Aug 2026

- Жанкент экспедициясы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Жанкент археологиялық экспедициясына – 20 жыл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті. Ғылыми басқосуға Қазақстан, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Өзбекстаннан археологтар, тарихшылар, зерттеушілер мен ғылыми мекеме өкілдері қатысты.

2004 жылы Қызылорда қаласында «Арал аймағының археологиялық зерттелуі: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми конференция өтіп, Арал маңының ежелгі және ортағасырлық тарихын кешенді зерттеу мақсатында үшжақты келісімшартқа қол қойылды. Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университета, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және РФҒА Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты тарап болды. Осы келісім негізінде 2005 жылдан бастап «Жанкент археологиялық экспедициясы» кешенді қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Зерттеу барысында 25 мыңнан астам керамикалық материалдар, сондай-ақ металл, тас, сүйек және шыныдан жасалған жәдігерлер табылды. Бұл археологиялық материалдар ортағасырлық қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, қолөнері, шаруашылығы мен мәдени байланыстары туралы маңызды деректер береді. Экспедицияның соңғы жылдардағы құнды олжаларының бірі – күміс монеталар көмбесі. Аталған жәдігерлер Жанкенттің ортағасырлық сауда мен ақша айналымындағы орнын тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.

Пәнаралық зерттеулердің нәтижесінде 250-ден астам C14 радиокөміртек мерзімдері алынып, қаланың өмір сүру кезеңі нақтыланды. Осылайша, қаладағы тіршілік VII ғасырда басталып, XI ғасырға дейін жалғасқаны дәлелденді.

- Шара аясында «Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» атты ғылыми-танымдық кітап-каталогтың таныстырылымы мен тұсаукесер рәсімі өтті. Еңбекте оғыз дәуірінің материалдық және рухани мәдениетіне қатысты археологиялық деректер жинақталып, көпшілікке ғылыми-танымдық форматта ұсынылған. Кітап-каталогтың мазмұны Ыстанбұл қаласында өткен «Оғыз феномені: Ұлы Даладан Анадолыға дейін» халықаралық конференциясы мен көрмесінде көтерілген ғылыми бағыттардың заңды жалғасы болып табылады. Еңбекті дайындауға Институт ғалымдары – Ә.Ә. Тәжекеев, А.А. Бисембаев, І. Қазмадиярова мақала жазса, оны түрік тіліне Ортағасырлар археологиясы бөлімінің қызметкері Ф.А. Есімахан аударды.

- Көрме. Халықаралық дөңгелек үстел қатысушылары мен қонақтарына «Жанкент қаласының жәдігерлері» көрмесі мен «Аптаған ыстық күн астында Жанкентте өткен 20 жыл» фотокөрмесі ұсынылды.

Шараның екінші бөлігінде ғалымдар Жанкент пен Сыр өңірінің археологиялық мұрасын зерттеудің өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, тарихи-мәдени нысандарды сақтау және насихаттау бағыттары бойынша пікір алмасты.