Қазақстан мен жапония зооархеологтары: Алматыдағы халықаралық жазғы мектеп өз жұмысын қорытындылады
12 Aug 2026
4-6 тамыз аралығында Алматы қаласында «Зооархеология: теория және зертханалық тәжірибе» атты халықаралық жазғы мектеп өтті. Ғылыми-білім беру іс-шарасын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Жапонияның Тейкё университеті жанындағы Мәдени құндылықтарды ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырды.
Үш күнге созылған жазғы мектепке Қазақстан мен Жапонияның зооархеология саласындағы мамандары мен жас зерттеушілері қатысты. Бағдарлама теориялық дәрістер мен зертханалық-тәжірибелік сабақтарды қамтыды.
Қатысушылар зооархеологияның қалыптасу тарихы, фауналық қалдықтарды зерттеу әдістері, остеологиялық коллекциялармен жұмыс істеу, жануар сүйектерін таксономиялық және анатомиялық тұрғыдан анықтау, остеометриялық және морфометриялық талдау әдістерімен танысты. Сонымен қатар жануар тістерінің микроструктурасын зерттеу, микросекция жасау және микроскопиялық талдау бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді.
Дәрістер барысында археозоологиядағы мысық феномені, жануарларды қолға үйрету үдерістері, Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі ежелгі және ортағасырлық аңшылық, изотоптық археозоология, сондай-ақ жануар сүйектеріндегі патологиялар мен жарақтарды анықтау мәселелері қарастырылды.
Жазғы мектептің қорытынды бөлімінде қатысушылардың алған білімдері мен практикалық дағдыларын бекіту мақсатында «Таксономия және анатомия» атты интеллектуалды-практикалық сайыс ұйымдастырылды. Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, зооархеология саласындағы болашақ ғылыми зерттеулердің перспективаларын талқылады.
Жазғы мектепке қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, Археология институты атынан естелік сыйлықтар берілді.













