«Орталық Азия мен оған іргелес аумақтардағы жоғарғы палеолит дәуіріндегі мәдени динамика» атты далалық семинар
09 Jun 2025
2025 жылғы 18–21 маусым аралығында Алматы қаласында (Қазақстан Республикасы) «Орталық Азия мен оған іргелес аумақтардағы жоғарғы палеолит дәуіріндегі мәдени динамика» атты халықаралық семинар өтеді. Семинар барысында Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның шектес аймақтарындағы ашық далалық және тау бөктеріндегі кең аумақтарда жоғарғы палеолитті зерттеу бойынша соңғы жаңалықтар талқыланады.
Семинар Қазақстандағы палеолитті зерттеуге үлкен үлес қосқан Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ольга Анатольевна Артюхованы еске алуға арналған.
Семинардың мақсаты – Орталық Азияның батыс бөлігі мен Шығыс Еуропадағы жоғарғы палеолит дәуіріне қатысты өзекті мәселелерді соңғы жаңалықтар мен зерттеулер аясында ғылыми тұрғыда ауқымды зерттеу. Семинар аясында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтында Қазақстанның әртүрлі ескерткіштерінен жиналған палеолит дәуіріне жататын коллекциялармен танысу және Ұзынағаштағы жоғарғы палеолиттік тұрақтарға бару жоспарланған.