Археологиядағы пәнаралық зерттеулер: жас ғалымдар студенттермен тәжірибе бөлісті
08 Apr 2025
Ғылым күніне орай, 11 сәуірде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері мен ғылыми қызметкерлері, жетекші ретінде Әсемгүл Дәуренқызы Қасенованың бастамасымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тарих және құқық институты студенттеріне арналған ерекше форматтағы интерактивті дәріс өткізілді.
«Археологиядағы пәнаралық зерттеулер – нәтижелері мен негізгі перспективалары» атты дәріс тас дәуірінен бастап орта ғасырлар кезеңіне дейінгі археологиялық үдерістерді қамтып, археозоология, антропология, керамика секілді ғылымдар тоғысында жүргізілген зерттеулердің мәні мен маңызын жан-жақты ашып көрсетті.
Институттың ғылыми қызметкерлері археология саласындағы соңғы жетістіктермен бөлісіп, болашақта жүзеге асырылуы тиіс бағыттарды нақтылап берді. Пәнаралық зерттеулердің археологиялық қазбалар мен артефактілерді кешенді зерделеудегі рөлі кеңінен талқыланып, әр ғылым саласының археологияға қосар үлесі нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Дәріс барысында археология ғылымының дамуына ықпал ететін пәнаралық тәсілдердің артықшылықтары айтылып, студенттерге осы бағыттағы терең әрі ауқымды зерттеу нәтижелері таныстырылды. Сондай-ақ, археологиялық зерттеулерді болашақта жетілдіру жолдары мен ғылымдағы жаңашыл үдерістер жайлы пікірлер ортаға салынды.
Бұл танымдық кездесу студенттерге археологияның кең мүмкіндіктерін ашып, пәнаралық зерттеулердің ғылыми әлеуетін терең түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жас ғалымдардың көзқарасын кеңейтіп, болашақ зерттеулерге ынталандыра түсті.