1. Main
  2. Mass Media about us
  3. Ежелгі адамның жанын түсіну немесе Тас дәуіріндегі тіршілік қандай еді?

Ежелгі адамның жанын түсіну немесе Тас дәуіріндегі тіршілік қандай еді?
14 Aug 2023

Осы аптада елімізде ғылымдағы аса сирек эксперимент жасалды. Сиректігі сол, үш елдің археолог ғалымдары жылқыны ежелгі адамдарша тас құралдармен сойып, мүшеледі. «Мақсатымыз – тас құралдарын дайындаудан бастап, етсіз сүйектердің жер астында қалуына дейінгі бүкіл тізбекті қалпына келтіру», – дейді ғалымдар.   

Археологияның эксперименттік деп аталатын бағыты белгілі бір дәуірге мүмкіндігінше жақын жағдай жасап, сосын сол жағдайда сол дәуір адамдарының әрекетін қайталап көрумен айналысады. Ол әрекет керамикалық ыдыстар құю, тас құралдар жасау немесе аңды сою болуы мүмкін. Осылайша, археологтер мысалы, көнеден қалған құралдардың шын мәнінде қандай жұмыс үшін ыңғайлы екенін, не мақсатқа қолданылғанын анықтай алады. Қысқасын айтқанда, мұндай зерттеулер сол адамдарды түсінуді оңайлатады. 

Әлкей Марғұлан институты директорының орынбасары Талғат Мамиров құралдардың қалай жасалғанын тастарды бір-біріне ұрып көрсетіп жатыр.

 

Зерттеулер бұл жерді мекендеген ежелгі адамдардың тас құралдарды порфириттен жасағанын көрсетті. Ғалымдар экспериментке тастың бұл түрін осы жерден жинады және құралдарды тасты тасқа ұрып сындырып, қашап жасады. Қажетті кременьді (шақпақ тас) Маңғыстау өңірінен алды.

Еуропаның ежелгі дәуірлерді зерттеу институтының ғылыми қызметкері Евгения Осипова тас құралдарды зерттеуге маманданған.

Сейсенбі, тамыздың 9-ы күні үш елдің ғалымдары Қазақстанда дәл осындай эксперимент жасады. Олар алдын ала пышақпен бауыздап алынған жылқының  терісін сыпырып, мүшелеп, етін сүйегінен ажыратты және осының барлығын дерлік палеолит дәуірінің адамдары сияқты тас құралдармен істеді. 

Франциядан келген ғалымдар тобының жетекшісі Анн-Мари Муань аң сүйектерін зерттеумен айналысады.

Тәжірибенің соңғы сатысында жылқы сүйектері тас құралдармен шағылып, шамамен екі метр тереңдікке көмілді.  

Эксперименттің бір бөлігі – жылқы сүйектерін тас құралдармен шағып, ішінен жілік майын алу.

Тас құралдардың барлығы тіркеліп, сипатталған және суреттері салынған. Ғалымдар әр тастың қанша уақыт қолданылғанын жазып, өз пакетіне қайта салып отырды.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдастыруымен өткен экспериментке қазақ, француз және ресейлік ғалымдар қатысты. Бір қызығы, бұл тәжірибе ежелгі адамдар көне тас дәуірінен бастап ұзақ уақыт мекендеген тарихи жерде жасалды. 

2018 жылы ғалымдар Рахат ауылының жоғарғы жағынан адамдар тас дәуірінен бастап мекендеген қоныс тапты. Қазба жұмыстары кезінде олар ошақтардың орнын, тас құралдар мен аң сүйектерін тапты. Зерттеу адамдардың 30 мың жылға жуық уақыт ішінде осы жерге әр кезеңдерде кемі 15 рет қоныстанып, өмір сүргенін көрсетті.

2018 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылының жоғарғы жағынан ежелгі қоныс табылған болатын. Қазба жұмыстары бұл жерді адамдардың ерте тас дәуірінен сақтар заманына дейін 30 мың жыл мекендегенін көрсетті. Арасында бір-екі мың жылдық үзілістер болған (және ол мұз дәуіріне сәйкес келген), десе де ата-бабаларымыз дәл осы тұсқа ұдайы келіп отырған.

Ғалымдар бұл жердің табиғаты қашанда адамдардың өмір сүруіне жайлы болғанын айтады.

Неге олай деген сұраққа ғалымдар бірнеше жорамал айтады. Соның негізгілері – бұл жердің аңшылыққа қолайлы, табиғатының жайлы болуы және суының мұздықтардан гөрі, бұлақтардан бастау алатыны. Археология институты директорының орынбасары, экспериментті ұйымдастыру жұмыстарының жетекшісі Талғат Мамиров төмендегі ауылдың Рахат аталуы да бекер болмаса керек дейді. 

Рахат ауылы

Эксперимент үшін Қазақстанның қолайлы болған тағы бір себебі, біздің елде халық жылқыны әлі де өз қолымен сойып, жіліктейді. Франция сияқты елдердің бүгінгі тұрмыс салты мұндай эксперимент жасауға қиындық туғызар еді.

Фотолар мен мәтін авторы: Ержан Әбдіраман