1. Home
  2. Expeditions
  3. Акмола облысында қола дәуірі металлургтарының қонысы мен қорымы ашылды

Акмола облысында қола дәуірі металлургтарының қонысы мен қорымы ашылды
11 Sep 2026


2026 жылғы далалық маусымда Жабай қорымында археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қазба жұмыстары №2 қоршауда, апатты жағдайда тұрған құрбандық орнында және қола дәуірінен ерте темір дәуірге өтетін кезеңге жататын қоршауда жүргізілді. Зерттеу жұмыстарын Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері С.Қ. Сакенов басқарды. Жұмыстар AP26103639 «Атшұбар қонысы мен Жабай қорымы материалдары негізінде кейінгі қола дәуірі қоғамдарының экономикалық және кеңістіктік ұйымдасу моделі (пәнаралық зерттеу)» гранттық жобасы аясында жүзеге асырылды.

Ескерткіш Ақмола облысы Сандықтау ауданы Владимир елді мекенінен солтүстік-шығысқа қарай 2 км жерде, Жабай өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ол өзен алабы мен өзен бойымен Максимовка ауылынан Новый Городок елді мекеніне аралығында орналасқан.

№2 қоршау қорымның солтүстік тобының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Үйінді ашылғанға дейін оның алдын ала диаметрі 18 м деп анықталды. Үйінді топырақтан тұрғызылған, ал оның айналасында қоршауға тиесілі жалпақ тастар жер бетіне шығып жатқан.

Ескерткіш диаметрі 18 м болатын қазба алаңына енгізілді. Қазба алаңы солтүстік–оңтүстік бағытта ені 0,60 м болатын бір орталық жалмен бөлінді. Үйінді алынғаннан кейін жоспарда дөңгелек алаң анықталды. Оның периметрі бойынша диаметрі 15,6 м болатын сақина тәрізді тас құрылым тіркелді. Құрылым ірі тақта тастар мен тас сынықтарынан қаланған, барлығы 120-дан астам тас анықталды. Олардың ең ірі өлшемдері 0,97 × 0,62 × 0,13 м-ге дейін жетеді. Тақта тастардың бір бөлігі көлбеу орналастырылған немесе қырынан тұрғызылған. Құрылымның сақталу деңгейі әркелкі. Кейбір бөліктерінде тастар тығыз қатар түзсе, басқа учаскелерінде үзілістер мен орын ауыстырулар байқалады.

Обаның солтүстік-шығыс секторында үйіндінің астынан 0,40 м тереңдіктен бастап жоспарда сопақша келген тас төсем анықталды. Оның астынан екі жылқының толық емес сүйек қалдықтары бастары, алдыңғы және артқы бөліктері анықталды. Сүйектер анатомиялық ретпен орналастырылған. Жануарлардың бас сүйектерінің арасында сынған қыш ыдыс жатты. Жылқы сүйектерінің және тас төсемнің орналасуына қарай, бұл ат жегілген арбаның бейнесін имитациялайтын құрылым болған деп пайымдауға болады.

Сонымен қатар Атшұбар және Атшұбар-2 қоныстарында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу барысында сарғарылық-алексеевтік сипаттағы қыш ыдыстар, тас және металл құралдар, сондай-ақ металлургиялық шлактар анықталды. Айналадағы аумақта жүргізілген барлау жұмыстары ежелгі тау-кен өндірісінің көптеген іздерін – орларды, шұңқырларды және кен үйінділерін анықтауға мүмкіндік берді. Тіркелген кен қазбаларының бірінің ұзындығы шамамен 330 м-ге жетеді.

2026 жылғы зерттеулер Жабай өзені алабының ұзақ уақыт бойы игерілген ірі археологиялық микроаудан болып табылатынын көрсетті. Салыстырмалы түрде шағын аумақта қоныстар, қорымдар, ғұрыптық нысандар, петроглифтер, тас стелалар және ежелгі тау-кен өндірісінің ауқымды іздері анықталды. Алынған материалдар аймақтың қола дәуірі мен ерте темір дәуірі аралығындағы тарихи-мәдени дамуын кезең-кезеңімен қарастыруға мүмкіндік береді.