1. Main
  2. News
  3. «Марғұлан оқулары – 2025» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аяқталды

«Марғұлан оқулары – 2025» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аяқталды
29 Mar 2025

2025 жылғы 26–28 наурыз аралығында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Марғұлан оқулары – 2025» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

1989 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Марғұлан оқулары» – археология саласындағы ең беделді ғылыми конференциялардың бірі. Бұл форум археологиялық және тарихи-мәдени мұра бойынша далалық зерттеулер нәтижелерін таныстырып, өзекті ғылыми мәселелерді талқылайтын және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтетін маңызды алаң ретінде қалыптасты.
Конференцияның басты мақсаты – археологиялық зерттеулердің жаңа нәтижелерін ғылыми айналымға енгізу және оларды зерттеудің заманауи әдістері мен технологияларын ілгерілету.

Конференция аясында 2024 жылы Қазақстан мен көршілес елдерде жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар археология және оған сабақтас пәнаралық ғылыми бағыттардың өзекті мәселелері қарастырылды, атап айтқанда: палеоантропология, палеогенетика, археометаллургия, археозоология, археоботаника, цифрлық археология мен жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер (ГАЖ), сондай-ақ археологиялық ескерткіштерді консервациялау, реставрациялау және реконструкциялау мәселелері.
Конференция барысында 83 баяндама тыңдалды. Конференцияға 20-дан астам отандық және шетелдік университет пен ғылыми мекемелер қатысты, олардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Назарбаев университеті, ЕҰУ, UCL Institute of Archaeology (Ұлыбритания), Ludwig-Maximilian University (Германия), Université Paul Sabatier (Франция), Nara Research Institute (Жапония) және басқалар бар.

«Марғұлан оқулары – 2025» конференциясы Отандық археология ғылымын дамытудың жаңа белесі болды.