«Менің ер атым – Аба»: Қаратау өңірінен көне түркі жазуы анықталды
07 Jun 2026
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері Е. Ақымбек, Б. Железняков және А. Шаяхметов Жамбыл облысы әкімдігінің Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының инспекторы Ж. Бәйтімбетовпен бірлесіп, «Ежелгі және орта ғасырдағы Сырдария мен Қаратау: мәдениеттің шығу тегі мен трансформациялануы» ғылыми жобасы аясында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді.
Зерттеу барысында Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Бұрхансай шатқалындағы петроглифтер кешенінен көне түркі руникалық жазуы анықталды. Табылған нысанға қатысты құжаттандыру, цифрлық тіркеу және алдын ала талдау жұмыстары жүзеге асырылды.
Алғашқы зерттеу нәтижелері бойынша жазу мәтіні «Менің ер атым – Аба» деп оқылды. Бұл оқылым нұсқасын тарих ғылымдарының кандидаты, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Моңғолтану, буддология және тибетология институтының жетекші ғылыми қызметкері В.В. Тишин (Ұлан-Удэ, Ресей Федерациясы) ұсынды.
Қазіргі уақытта жазудың толық оқылымын, мерзімделуін және мәдени-тарихи контексін нақтылауға бағытталған кешенді зерттеулер жалғасуда. Алынған деректер көне түркілердің жазба мәдениеті мен руникалық дәстүрін, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы орта ғасырлар тарихы мен мәдениетін зерттеу үшін маңызды ғылыми маңызға ие.
Бұрхансай шатқалынан табылған бұл жазу Қазақстан аумағындағы көне түркі эпиграфикалық ескерткіштерінің қатарын толықтырып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.




