1. Главная
  2. News
  3. Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстандағы археологиялық зерттеулердің алғашқы нәтижелеріне арналған дөңгелек үстел өтті

Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстандағы археологиялық зерттеулердің алғашқы нәтижелеріне арналған дөңгелек үстел өтті
30 Oct 2023

30 қазан 2023 жылы Петропавл қаласында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты 2023 жылы Қазақстанның солтүстігінде жүргізген далалық археологиялық зерттеулердің алғашқы нәтижелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Дөңгелек үстел жұмысына Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, М. Қозыбаев атындағы Солүстік Қазақстан университетінің профессорлық-оқытушы құрамы, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының басшылығы мен ғылыми қызметкерлері мен тарихи-өлкетану музейі және тарихи-ескерткіштерді қорғау мекемелерінің қызметкерлері қатысады. 

Дөңгелек үстелде 2023 жылғы далалық маусымда жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының алғашқы қорындылары талқыланды. 
Кешенді далалық зерттеулер ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Мәдени-тарихи үрдіс контекстіндегі Солтүстік Қазақстан: тас дәуірінен бастап этнографиялық бүгінге дейін» атты жобасы аясында атқарылды. 
2023 жылғы кешенді далалық зерттеулерді 11 отряд атқарды және археологиялық қазба, барлау-іздестіру және этноархеологиялық жұмыстардан тұрды. 

Археологиялық қазба жұмыстарын 7 отряд әр кезеңнің 8 ескерткішінде жүзеге асырды: 
Солтүстік Қазақстан облысында мезолит-неолиттік Виноградовка 2 тұрағы, ерте темір дәуірінің Березовский обасы және орта ғасырлық Симоновка 11 кешені зерттелді.  
Павлодар облысында палеолиттік Құдайкөл тұрағында, мезолиттік Костомар қонысында, қола дәуірінің Көктас-1 тау-кен орталығында және соңғы қола-ерте темір дәуірінің Аршалы қонысында қазба жұмыстары жүргізілді.  
Қостанай облысында қола дәуірінің Ново-Ильиновский 2 қорымындағы ескерткіш зерттелінді.  

Солтүстік Қазақстан облысы ескерткіштерінің электронды мәліметтер қорын жасақтау мен картографиялау мақсатында барлау-іздестіру жұмыстарын 3 отряд жылдың көктем және күз мезгілінде облыстың Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Есіл, Жамбыл, Мамлютка, Тимирязев және Шал ақын аудандарында жүргізді. Нәтижесінде жаңадан 300-ден аса тарих пен мәдениет ескерткіші анықталып, құжатталды. 

Этноархеологиялық зерттеулер – Қазақстан археологиясындағы жаңа бағыт. Бұл бағыт бойынша 1 отряд қазақтың ру-тайпаларының өлкені қоныстануы, олардың көші-қон маршруттары, қыстақтары, қорымдары және мешіттерін зерттеді. Нәтижесінде 50-ден аса саман және тастан жасалған үйлер, 3 көне мешіттің орны және 3 қорым анықталды. Қорымға қойылған көктастар арап графикасымен жазылған.

Келесі жылы Солтүстік Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстары өз жалғасын табады. Алдағы жылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарындағы тарихи-өлкетану музейлерінің ғылыми каталогы, Солтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізбесі және бірқатар ғылыми басылымдар баспадан шығады деп жоспарланып отыр.