1. Главная
  2. Expeditions
  3. Арал маңы экспедициясы

Арал маңы экспедициясы
03 Jun 2023

2023 жылдың 20 сәуірі мен 19 мамыр аралығында ҚР ҒЖБМ ҒК «Батыс Сарыарқа және Солтүстік Арал маңының сақ мәдени кешені: пәнаралық зерттеу» (жоба жетекшісі – т.ғ.к. Ақан Оңғар) гранттық жобасы бойынша ҚР Ұлттық музеймен бірлескен археологиялық экспедициясы Солтүстік Арал маңында зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Зерттеу нәтижесінде С. Рахымжанованың «Арал маңы» тобы Қызылорда облысы Қазалы ауданы территориясында орналасқан археологиялық ескерткіштерді тіркеу және бақылау жұмыстарын атқарды. Барлау жұмысының маршруты Қазалы қаласынан басталып Ащы үлгін, Қарағайлы, Жолдасбай, Баршақұм, Шолқұм, Тақыр Сары ой деген жерлермен қатар Тапа, Шаке, Қияқтыбас сияқты елді-мекендерді қамтыды. Жол көрсетуші жергілікті өлкетанушы А. Жұмабаев болды.


Ғылыми-зерттеу жұмысының барысында жалпы саны 18 археологиялық ескерткіш анықталып, тіркелді. Оның ішінде 9 қоныс, 5 тұрақ, 2 жерлеу ескерткіші табылды. Екі ескерткіштен неолит-энеолит дәуірінің, 6 ескерткіштен қола дәуірінің, 11 ескерткіштен ерте темір дәуірінің материалдары тіркелді.
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Шәкен ауылында апатты жағдайдағы бір жерлеу ескерткіші зерттелді. 


Станционарлық зерттеу жұмыстары Қабан бұлақ 3 қорымында Ырғыз тобы тарапынан Р. Дәрменовтың жетекшілігімен жүргізілді. Қорым Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 14 шақырым қашықтықта. Қорым Қабан бұлақ төбесінде орналасқан. Солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс бағыты бойынша созыла орналасқан 7 обалар тобынан тұрады. Қорымнан диаметрі 18 метр болатын топырақтан үйілген оба таңдалып алынды. Қазба материалдары обаның ерте көшпелілер дәуірінде тұрғызылғандығын көрсетеді.