1. Главная
  2. Экспедициялар
  3. Қостанай археологиялық экспедицияның жұмыстары

Қостанай археологиялық экспедицияның жұмыстары

ҒЖБМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасының міндеттерін іске асыру аясында 2023 ж. далалық маусымында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Қостанай археологиялық экспедициясы Жітіқара қаласына жақын жерде қазба жұмыстарын жүргізді. Далалық маусымда Бесоба-3 және Қаратөбе-3 ескерткіштеріндегі екі оба зерттелді. Бесоба-3 қорымындағы «мұртты» обаны зерттеудің бірінші кезеңі аяқталды – шым қабаты алынып, сонымен қатар ұзындығы шамамен 60 м болатын тас қатарлары тазартылды. Қаратөбе-3 қорымы диаметрі 20 м болатын үш обадан тұрады. № 2 обада қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттеу барысында бұл нысанның орталығы әйел адамның қабіріне арналған белгілі бір кешен екендігі анықталды. Қазба кезінде зерттелген тағы екі жерлеу орны обаның шетінде орналасқан. Құрылымында тас, ағаш және саз пайдаланылған жерлеу құрылысының күрделілігі туралы стратиграфиялық бақылаулар қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Болжам бойынша, жерлеу-еске алу құрылысын зерттеу негізінде, анықталған жерлеу дәстүрі мен ілеспе заттар кешеніне салыстырмалы типологиялық талдау жасай келе обаны б.д.д. IV ғ. мерзімдеп, сармат дәуіріне жатқызамыз. «Мұртты» обаның хронологиялық шегі қазба және талдау жұмыстары аяқталған соң белгілі болады. Зерттеудің қазіргі кезеңінде ғұн-сармат уақытымен алдын ала мерзімделуі мүмкін. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін анықтау мақсатында іздестіру, барлау жұмыстары да жүргізілді.