Жұлдыз-1 қорымындағы жаңа ашылымдар
12 Там 2026
2026 жылғы шілде айында Алтай археологиялық отряды Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданында орналасқан ортағасырлық Жұлдыз-1 қорымында далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстары Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері А.К. Айтқалидың жетекшілігімен Қазақстанның Алтай өңіріндегі қимақтардың мәдени кешенін пәнаралық зерттеуге арналған AP22786628 гранттық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Экспедиция барысында археологтар бірқатар жерлеу-еске алу құрылыстарын зерттеді. Солардың ішінде ерекше назар аударуға тұрарлық нысандардың бірі «ұзын обалар» деп аталатын ерекше типке жататын жерлеу құрылысы. Құрылымның жоспарлануы күрделі және бірнеше жерлеуден тұратын біртұтас кешенді құрамына біріктіреді.
Жерлеулерден адамдар мен жылқылардың сүйек қалдықтары, сондай-ақ әртүрлі жерлеу инвентары табылды. Олардың қатарында темір үзеңгілер, ауыздықтар, пышақтар, жебе ұштары, айылбастар, белдік жиынтығының элементтері және сүйектен жасалған бұйымдар бар. Сонымен қатар, жылқылардың жұп жерленгені анықталды. Олардың біреуі жүген әбзелдерінің элементтерімен бірге жерленген.
Алынған материалдар Қазақстан Алтайының ортағасырлық тұрғындарының жерлеу дәстүрлері, қару-жарағы және ат әбзелдері туралы түсініктерді кеңейте түседі. «Ұзын обалардың» осы типіне жататын нысанды зерттеу мұндай жерлеу-еске алу кешендерінің құрылымдық ерекшеліктері, қызметі мен мақсатын нақтылауға мүмкіндік береді.






