1. Басты бет
  2. Экспедициялар
  3. АБАЙ ОБЛЫСЫ АУМАҒЫНАН ТАС ДӘУІРІНІҢ ЖАҢА ЕСКЕРТКІШТЕРІ АШЫЛДЫ

АБАЙ ОБЛЫСЫ АУМАҒЫНАН ТАС ДӘУІРІНІҢ ЖАҢА ЕСКЕРТКІШТЕРІ АШЫЛДЫ

Қазақстан республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бағдарламасы аясында 2026 жылғы маусым–шілде айларында Абай ауданында тас дәуірі ескерткіштерін іздестіру жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ Жаңасемей ауданындағы Қайнар 1 тұрағында археологиялық қазба жұмыстары жалғастырылды.

Далалық зерттеулер барысында неолит-энеолит дәуіріне жататын 20-дан астам археологиялық нысан анықталды. Тұрақтар мен тұрақ орындары Шыңғыстау жотасының шығыс сілемдері бойымен кеңінен таралған. Стратификацияланған мәдени қабаты сақталған перспективалы ескерткіштердің қатарына Тайтөлеу және Бұзау тұрақтарын жатқызуға болады. Олар бұлақтардан бастау алатын шағын өзендердің аңғарларында орналасқан. Жыралардағы табиғи ашылымдардан зоологиялық материалдар мен тас артефактілері (қырғыштар, жаңқалар және т.б.) анықталып, олардың жағалау қималарындағы стратиграфиялық орны тіркелді.

Сонымен қатар, ашық типтегі ірі тұрақтар да анықталды. Солардың бірі – Шыңғыстау жотасының солтүстік-шығыс шетінде, бұлақтың батысында орналасқан Берікқара тұрағы. Мұнда шақпақтасты жыныстардан жасалған көптеген микронуклеустер мен тас құралдары табылды.

Жалпы алғанда, тас дәуірі ескерткіштерінің орналасу топографиясы олардың Шыңғыстаудың шығысындағы бұлақтар мен өзен арналары бойында шоғырланғанын көрсетеді. Шикізат базасының негізін сырттан әкелінген кремнийлі жыныстар құрайды. Осыған байланысты Шыңғыстау жотасындағы бұлақ маңындағы тұрақтар алдағы кешенді зерттеулер үшін аса перспективалы болып саналады.

Далалық жұмыстар барысында Жаңасемей ауданындағы Қайнар 1 тұрағында археологиялық қазба жұмыстары жалғастырылды. Қалыңдығы 0,5 метрге жететін мәдени қабаттан 300-ге жуық тас артефактісі табылды. Олардың қатарында призмалық жару техникасымен дайындалған нуклеустер, бифастық бұйымдар, қырғыштар, ретушь іздері бар пластиналар мен жаңқалар, керамика сынықтары және жануарлардың сүйек қалдықтары бар. Алдын ала мәліметтер бойынша, ескерткіш неолит дәуірінің соңғы кезеңіне жатады.

Сондай-ақ, Көкентаудың солтүстік беткейіндегі Ақзам тұрағында жүргізілген барлау шурфтардан да аса қызықты материалдар алынды. Әртүрлі геоморфологиялық деңгейлерде қазылған екі шурфтың нәтижесінде 1 метрге дейінгі тереңдікте мәдени қабаттың сақталғаны анықталды. Оның құрамынан мол фаунистикалық материалдар мен тас артефактілері табылды. Әсіресе яшматәрізді шикізаттан жасалған ірі пластиналы жаңқаларға арналған нуклеустер сериясы және палеоген дәуірінің сұр кварцитінен дайындалған кең пластиналар ерекше назар аудартады.

Қазіргі уақытта 2026 жылғы далалық маусым барысында жиналған археологиялық материалдарды ғылыми тұрғыдан талдау, жүйелеу және интерпретациялау бойынша зертханалық-камералдық жұмыстар жалғасуда.