1. Басты бет
  2. Экспедициялар
  3. Қаратұмсық кешеніндегі жаңа археологиялық зерттеулер

Қаратұмсық кешеніндегі жаңа археологиялық зерттеулер

2026 жылдың маусым-шілде айларында А.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен «Шәкәрім университеті» КеАҚ-тың Семей археологиялық экспедициясының А.С. Жүнісханов жетекшілік ететін жасағы Қаратұмсық кешенінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Ескерткіш Абай облысы Қайнар ауылынан солтүстікке қарай 14 шақырым жерде, Жақсы Абыралы тауының солтүстік етегінде орналасқан.

Зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Кешен 2025 жылы жүргізілген далалық барлау жұмыстары барысында табылып, алғаш рет зерттелген болатын. Радиокөміртектік мерзімдеу нәтижелері бойынша ескерткіш екі хронологиялық кезеңмен (б.з.д. VII-VI ғғ. және б.з. X-XI ғғ.) мерзімделеді. Бұл оны Абай облысы аумағындағы қимақ-қыпшақ дәуіріне тән аз зерттелген қоныстық ескерткіштердің бірі ретінде айқындайды.

Экспедиция бұл ескерткіште қатарынан екінші далалық маусым бойы жүйелі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Жүргізіліп отырған зерттеулер Абыралы өңірінде әртүрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген халықтың шаруашылық қызметін, тұрмыс-тіршілігін және материалдық мәдениетін қалпына келтіру тұрғысынан ерекше ғылыми маңызға ие.

2025 жылғы далалық маусымда нысандағы бір құрылыс зерттеліп, тұрмыстық бұйымдар мен еңбек құралдары табылған болатын. Ал 2026 жылғы зерттеулердің негізгі мақсаты өткен жылғы қазба алаңының аумағын кеңейтіп жаңа құрылыстарды ашу болды. Осы мақсатта жалпы көлемі шамамен 100 шаршы метрді құрайтын жаңа қазба салынды.

Зерттелген аумақта тағы бір бөлменің іргетастаы анықталды. Бөлменің мәдени қабатын тазалау барысында ұсақ малдың асықтары, ұсақ және ірі қара мал сүйектері, мал құмалағының қалдықтары, керамикалық ыдыс сынықтары, сондай-ақ былғары белдіктің бір бөлігі табылды. Мал құмалағы мен былғарыдан зертханалық талдаулар жүргізу үшін үлгілер алынып, бұдан бөлек радиокөміртектік мерзімдеуге арналған сынамалар да іріктелді.

Зерттеліп жатқан құрылыстың бастапқы қызметтік мақсаты әзірге анықталған жоқ. Табылған археологиялық материалдар мен жүргізілетін зертханалық талдаулар оның атқарған қызметін және қоныс құрылымындағы орнын нақтылауға мүмкіндік береді.

Далалық зерттеу жұмыстарына «Шәкәрім университеті» КеАҚ студенттері мен оқытушылары, сондай-ақ Астана қаласынан келген еріктілер қатысты.