Институт ғалымдары арал маңы археологиясы туралы семинар өткізді
15 Мам 2026
12 мамыр күні Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі қабырғасында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтытының Арал өңірінің тас дәуірін зерттеу тобының мамандары Ы.С. Құрманиязов, Р.Н. Аминова, В.Д. Воловенконың және музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Арал маңының тас дәуірі: жаңа зерттеулер» атты ғылыми семинар өтті.
Семинарда Институт ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің ЖТН AP22788840 «Шығыс Арал маңы тас дәуірі ескерткіштерін археологиялық зерттеу» (жетекшісі С.Ж. Рахимжанова) гранттық жобасы аясында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелері Қазалы жұртшылығына таныстырылды.
Ы.С. Құрманиязов өз баяндамасында Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандары аумағындағы Арал маңы Қарақұмдары мен Солтүстік Арал өңірінде анықталған жаңа археологиялық нысандар жөнінде баяндап, археологиялық барлау тәсілдері мен болашақ зерттеу бағыттарына тоқталды.
Ал Р.Н. Аминова өз баяндамасында тас құралдарды зерттеудің қазіргі заманғы әдістері мен эксперименттік зерттеу нәтижелері туралы баяндады. Кездесу барысында тас дәуіріне жататын түрлі жәдігерлер көрсетіліп, ежелгі технологияларды таныстыру мақсатында сүйекке өрнек түсіру бойынша шағын тәжірибелік шеберлік сабағы өткізілді.
В.Д. Воловенко археологиялық деректерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды таныстырып, ескерткіштердің топожоспарлары, ортофотосуреттері мен 3D үлгілерін көрсетті. Сонымен қатар, дрон арқылы жүргізілетін зерттеу жұмыстарының мүмкіндіктері де іс жүзінде көрсетілді.
Ғылыми семинарға музей қызметкерлері, тарих пәнінің мұғалімдері және мектеп оқушылары қатысты. Кездесу соңында қатысушылар туған өлкенің археологиялық мұрасын зерттеу мәселелері төңірегінде ой бөлісіп, мазмұнды пікірталас өрбіді.







