Назарбаев Университетінде «Еуразия даласының Ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» атты II халықаралық археологиялық симпозиум өз жұмысын бастады
24 Қыр 2026
2026 жылғы 24 қыркүйекте Назарбаев Университетінде «Еуразия даласының Ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» атты II халықаралық археологиялық симпозиум өз жұмысын бастады. Симпозиумды Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Назарбаев Университетімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шара Археология институтының 35 жылдығына орай өткізілуде.
Симпозиум Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Германия, Франция, Израиль, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да елдерден келген 150-ден астам зерттеушінің басын қосты.
Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Алмас Төлегенұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол симпозиумның отандық археология ғылымын дамыту және оның халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялануы үшін маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ұжымын 35 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Қатысушыларды Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад та құттықтады. Ол симпозиумның Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы жылы өтуінің символдық мәнін атап өтті. Сондай-ақ ол Университет археологтарының ел тарихын зерттеуге қосқан үлесі туралы айтты.
Пленарлық отырыста Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы «Қазақстан археологиясының 35 жылы: ғылыми жетістіктер, жаңа бағыттар және даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол тәуелсіздік жылдарында отандық археологияның жүріп өткен жолы және оның дамуындағы Институттың рөлі туралы баяндады. Сондай-ақ Қазақстан археологиясының алдағы уақыттағы зерттеулерінің басым бағыттарына тоқталды.
Пленарлық отырыста Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және басқа да елдердің жетекші ғалымдары да сөз сөйледі. Олардың қатарында ҚР ҰҒА академигі Жәкен Таймағамбетов, Ресей ғылым академиясы Материалдық мәдениет тарихы институтының директоры Андрей Поляков, Солтүстік-Батыс университетінің (Сиань қ., ҚХР) профессоры Ван Цзяньсинь, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Зайнолла Самашев және Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Антропология институтының директоры Фархад Мақсұдов бар. Баяндамалар Қазақстанның үңгір ескерткіштеріне, қола дәуіріне, даланың ежелгі мәдениеттеріне және жылқы шаруашылығының ерте тарихына арналды.
Симпозиум аясында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Шэньси провинциясының (ҚХР) Мәдени мұра және археология институтымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл институтты Чун Цяньрун басқарады. Құжат Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін бірлесіп зерттеуге бағытталған.
Халықаралық археологиялық симпозиум алғаш рет 2024 жылы Алматы қаласында өтті. Бірінші симпозиум Еуразия археологиясын дамытудың бірқатар негізгі бағыттарын айқындады: тас және қола дәуірлерінің кезеңдемесін жетілдіру, ерте көшпелілер мұрасын жүйелеу және пайымдау, далалық қала мәдениетінің қалыптасу үдерістерін зерттеу. Бұл ғылыми бағыттар II халықаралық археологиялық симпозиум жұмысында одан әрі жалғасын табуда.
Симпозиум жұмысы пленарлық отырыс және төрт тақырыптық панельдік сессия форматында ұйымдастырылған:
– № 1 панельдік сессия «Үңгірлер – Еуразияның тас дәуірінің археологиялық мұрағаты ретінде»: Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ, Сібір және Батыс Еуропадағы үңгір ескерткіштерін зерттеу нәтижелері, археологиялық микроморфология мен жартас өнерін зерттеудің заманауи әдістері;
– № 2 панельдік сессия «Қола дәуірінің протоиндустриалды ландшафттары: металл жеткізудің трансконтиненталды тасымалдау тізбегіндегі далалық Еуразия қоныстарының рөлі»: қола дәуірінің тау-кен металлургиялық кешендері, металдардың, технологиялар мен идеялардың таралуы, Еуразия кеңістігіндегі өңіраралық байланыстар;
– № 3 панельдік сессия «Дала өркениетінің феномені: билік, қоғам және мәдени трансформация»: көшпелі әлемнің қалыптасу үдерістері, далалық қоғамдардың әлеуметтік-саяси ұйымдасуы, киелі ландшафттар, мүсіндік дәстүр, көші-қон мен мәдени трансформациялар;
– № 4 панельдік сессия «Қазақстанның ортағасырлық археологиясының өзекті мәселелері»: ерте ортағасырлық қоныстардың урбандалу үдерістері, нумизматика және керамикалық дәстүрлер, жаңа антропологиялық деректер, археологиялық ескерткіштерді кеңістіктік талдаудың заманауи әдістері.
Симпозиум аясында «Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының басылымдары (2021–2025 жж.)» атты кітап көрмесі және «Уақытпен тілдескенде...» атты фотокөрме жұмыс істеуде. Кітап көрмесі Институттың соңғы бес жылдағы ғылыми басылымдарын таныстырады. Фотокөрме сирек архив кадрлары арқылы отандық археология тарихын оның тұлғалары, экспедициялары мен ашылымдары тұрғысынан көрсетеді.
25 қыркүйекте симпозиум жұмысы панельдік сессияларда жалғасады. Қорытынды отырыста модераторлар жұмыс нәтижелерін қорытындылап, қатысушылар симпозиум қарарын қабылдайды.












