1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Отандық және чех археологтары ГУЛАГ лагерьлерін бірлесіп зерттеуді бастайды

Отандық және чех археологтары ГУЛАГ лагерьлерін бірлесіп зерттеуді бастайды
28 Там 2026

2026 жылғы 26 тамызда Астана қаласында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының өкілдері – бас директор Ақан Оңғар, ғылым жөніндегі бас директордың орынбасары Әсемгүл Қасенова, археологиялық мониторинг және қорғау тобының жетекшісі Ерлан Әмиров  чехиялық әріптестерімен кездесті. Кездесуге Пльзеньдегі Батыс Чехия университетінің доценті, «The Land Gone Wild» жобасының жетекшісі Павел Варека және Gulag.cz қауымдастығының төрағасы, Gulag.online музейінің жетекшісі Штепан Черноушек қатысты.

Тараптар ХХ ғасырдағы тоталитарлық режимдер жағдайында адамдардың өмір сүру стратегияларын археологиялық деректер негізінде зерттеуге бағытталған чех жобасы аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстандағы ГУЛАГ лагерьлері мен Чехияның Яхимов ауданындағы уран өндірісі лагерлеріне салыстырмалы талдау жүргізу мәселесі қарастырылды.

2026 жылғы қыркүйекте өтетін далалық жұмыстардың негізгі нысаны Жезқазған қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан, жақсы сақталған Теректі лагері болады. Бұл нысан Степлагтың алтыншы бөлімшесіне жатады. Зерттеу барысында әуеден түсірілім жүргізу, ортофотожоспар жасау, 3D-модельдеу, жергілікті тұрғындардан ауызша тарихи деректерді жинау, тіркеу, табылған артефактілерді Жезқазған қаласындағы өлкетану музейіне тапсыру және оларды чехиялық материалдармен салыстыру жоспарланып отыр.