1. Басты бет
  2. Экспедициялар
  3. Қырықүңгір қорымындағы жаңа ашылымдар: археологтар қола және ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеді

Қырықүңгір қорымындағы жаңа ашылымдар: археологтар қола және ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеді

Биылғы жылдың далалық маусымында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, «Шәкәрім университеті» КеАҚ және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірлескен археологиялық экспедициясы Қырықүңгір қорымында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді (экспедиция жетекшісі – тарих ғылымдарының кандидаты Ұ.Ұ. Үмітқалиев). Зерттеулер Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүзеге асырылды.

Шыңғыстаудың таулы-аңғарлы өңірінде орналасқан Қырықүңгір қорымы ХХ ғасырдың ортасынан бері белгілі. Сол кезеңде оның жекелеген нысандары жергілікті өлкетанушылар тарапынан тіркелген екен. Ескерткішті жүйелі ғылыми тұрғыда зерттеу ісі 2014 жылы басталды. Зерттеу жұмыстары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ археологиялық экспедициясы Ұ.Ұ. Үмітқалиевтің жетекшілігімен жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде Абай облысындағы маңызды ғылыми-зерттеу нысандарының біріне айналды.

Көпжылдық зерттеулер нәтижесінде қорымнан қола дәуірі мен ерте темір дәуірімен мерзімделетін жерлеу нысандары анықталды.
Биылғы маусымда қорымның үш нысанда археологиялық қазба жүргізілді. 

№79 нысан. Қазбаға дейін қоршаудың солтүстік бөлігіндегі ақ гранит тастар ғана көрініп тұрды (қалыңдығы – 0,10–0,12 м, ұзындығы – 0,25 м, ені – 0,15 м). Шым қабаты алынғаннан кейін қоршаудың өзге қабырғалары анықталмады. Алайда қазбаның орталық бөлігінен тас жәшіктің жабын плитасы мен бүйір қабырғаларын тіреп тұрған тастар тіркелді. Тас жәшіктің түбінен, батыс қабырғасы маңынан 0,8 м тереңдікте қола найзаның ұшы табылды.

№80 нысан. Қазбаға дейін қоршаудың батыс, солтүстік және шығыс бөліктеріндегі тастар көрініп тұрды. Шым қабаты алынып, шамамен 0,15 м тереңдікке дейін тазартылғаннан кейін солтүстік-батыс бағытта орналасқан екі тас жәшік анықталды. Олардың арақашықтығы – 0,35 м. Екінші тас жәшіктен жасы 10-нан аспаған екі баланың сүйек қалдықтары табылды.

Ерте темір дәуіріне жататын ескерткіш (алдын ала мерзімдеуі бойынша) қорымның орталық бөлігінің шетінде орналасқан. Үйіндінің биіктігі – 0,6 м, пішіні сопақша, ұзын осі солтүстік–оңтүстік бағытында созылған. Ұзындығы – 20 м, ені – 12 м. Тастар тазартылғаннан кейін қоршаудың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және солтүстік-шығыс бөліктеріндегі сақина тәрізді құрылымдары анықталды. Үйіндінің орталық бөлігінен түркі дәуіріне жататын болуы мүмкін кейінгі кезеңдегі жерлеу орны табылып, адам қаңқасы толық күйінде аршылды.

Қырықүңгір қорымындағы 2026 жылғы далалық маусым маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Зерттеу барысында қола найзаның ұшы, тас жәшіктердегі балалар жерлеуі және түркі дәуіріне жататын кейінгі жерлеу орны анықталды. Алдағы уақытта табылған нысандарды толық тіркеу, сипаттау және кешенді ғылыми зерттеу жұмыстары жалғасатын болады.