1. Басты бет
  2. Экспедициялар
  3. Орда қонысынан ерте темір дәуіріне жататын құнды олжалар табылды

Орда қонысынан ерте темір дәуіріне жататын құнды олжалар табылды

Абай облысы Абай ауданы аумағындағы Орда тауының шығыс беткейінде орналасқан ерте темір дәуіріне жататын Орда қонысында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Зерттеулер Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүзеге асырылды.

Зерттеу барысында бір тұрғын үй құрылысы зерттеліп, қазба жұмыстары 108 шаршы метр аумақты қамтыды. Қоныстағы тұрғын үйдің тас құрылыстары ірі көлемді тастардан қаланғаны анықталды. Тұрғын үйдің оңтүстік-шығыс бөлігінде сопақша пішінді тас ошақ табылды. Ошақ маңынан ежелгі мәдени дақылдардың қалдықтарын анықтау мақсатында археоботаникалық талдау жүргізуге арналған топырақ үлгілері алынды.

Қазба барысында барлығы 97 тас құрал, 104 қыш ыдыс сынығы және жануарлардың сүйек қалдықтары табылды. Бұл материалдар қоныс тұрғындарының шаруашылық қызметі мен тұрмыс-тіршілігін жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді.

Орда қонысының табиғи-географиялық орналасу ерекшелігі, тұрғын үй құрылысының сипаты және табылған заттай деректер оның Сарыарқадағы ерте темір дәуірі тұрғындарының ұзақ уақыт бойы тұрақты мекендеген күрделі қоныстарының бірі болғанын көрсетеді.