Ғылымға шабыттандыру: оқушыларға арналған археология
23 Jan 2025
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жас ғылыми қызметкерлері Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты «№206 мектеп-гимназия» КММ қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Тарихы терең – туған ел» атты онкүндік аясында мектеп оқушыларымен мазмұнды кездесу өткізді. Бұл шара «Қонақ дәріс» форматында ұйымдастырылып, оған Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ерте темір дәуірі бөлімі, физикалық антропология, зооархеология және археологиялық технология зертханаларының жетекші ғылыми қызметкерлері М.Қ. Сүйіндікова, М.С. Шагирбаев, Р.Ж. Жанұзақ, А.Ш. Аққалиева және Н.Б. Несіпбай арнайы шақырылды.
Дәріс барысында қатысушылар Қазақстандағы археологиялық ғылымның бүгінгі жетістіктері мен бағыттары, сондай-ақ физикалық антропология, зооархеология және археологиялық керамика саласындағы зерттеулердің өзекті мәселелері туралы толыққанды ақпарат алды. Ғылыми қызметкерлер өз зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісіп, археологиялық мұралардың сақталуы мен зерттелуінің маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, лекция аясында археологиялық экспедициялардан алынған материалдар мен нақты деректер ұсынылып, оқушыларға тақырыпты терең түсінуге мүмкіндік берілді.
Кездесу барысында оқушылар археология саласына ерекше қызығушылық танытып, Институт ғалымдарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Сұрақтар негізінен археологтардың далалық жұмыстары, ежелгі халықтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдени мұраларды қорғау және заманауи технологиялардың археологияда қолданылуы төңірегінде болды. Оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығы дәріскерлердің жұмысын жоғары бағалап, мұндай шаралардың мектеп оқушыларының ғылыми дүниетанымын кеңейтуге оң ықпал ететіні атап өтілді.
Осындай танымдық кездесулер өскелең ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, археология саласындағы болашақ мамандардың қалыптасуына өз үлесін қосатыны сөзсіз.