Ұлытауда жас археологтарға арналған халықаралық жазғы мектептің салтанатты ашылуы өтті
08 Jul 2025
2025 жылғы 3 шілдеде Ұлытау өңірінде «Археологиядағы пәнаралық әдістер» атты Халықаралық далалық жазғы археологиялық мектеп өз жұмысын ресми түрде бастады. Аталған маңызды ғылыми-білім беру іс-шарасы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығының, сондай-ақ Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастыруымен өткізілуде.
Мектеп жұмысына еліміздің әр өңірінен келген жас археологтар – жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттар, докторанттар және жас мамандар қатысуда. Қатысушыларға Қазақстанның жетекші археологтары, ғылыми мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері арнайы дәрістер оқиды.
Археология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Касенова Әсемгүл Дәуренқызы өз сөзінде археология саласындағы кадрларды даярлауда заманауи ғылыми әдістер мен пәнаралық тәсілдерді енгізудің өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар, ол Ұлытаудың Қазақстан тарихындағы ерекше орны мен бұл аймақтың полиэтникалық және тарихи-мәдени құндылықтарға бай кеңістік ретіндегі маңыздылығын атап көрсетті.
Мектептің алғашқы күндерінде қатысушылар оқу бағдарламасымен, зерттеу бағыттарымен, далалық жұмыс тәртібімен және қауіпсіздік техникасымен егжей-тегжейлі таныстырылды. Практикалық бөлім шеңберінде тас мүсіндерді фотофиксациялау және археологиялық ескерткіштерді құжаттау бойынша алғашқы шеберлік сабақтары өткізілді.
Жазғы мектептің жұмысы 2025 жылғы 11 шілдеге дейін жалғасады. Бағдарламаны табысты аяқтаған қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталатын болады.
Ұлытаудағы халықаралық жазғы мектеп – бұл тек кәсіби білім мен тәжірибе алмасуға арналған алаң ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы археологиялық ғылымды дамытудың, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың және Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын әлемге танытудың маңызды қадамы болып отыр.