1. Main
  2. News
  3. Уфа қаласында Орталық Еуразиядағы «қара археология» мәселесіне арналған конференция өтті

Уфа қаласында Орталық Еуразиядағы «қара археология» мәселесіне арналған конференция өтті
02 Dec 2025

2025 жылдың 27 қарашасында Уфа қаласында «Орталық Еуразиядағы “қара археология”: сипаты, ауқымы және мәселені шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараны Башқұртстан Республикасының Үкіметі мен Президенттік гранттар қорының қолдауымен Р.Г. Кузеев атындағы Этнологиялық зерттеулер институты (УФИЦ РҒА), Башқұртстан Республикасының мәдени мұраны мемлекеттік қорғау басқармасы, Башқұртстан Республикасының Ұлттық музейі, Уфа ғылым және технологиялар университеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және «АРХЕОСТАН» автономды коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырды.

Конференция жұмысына Ресей мен Қазақстаннан 40-тан астам маман қатысты. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты атынан Мониторинг және қорғау археологиясы тобының жетекшісі Ерлан Шәрефұлы Амиров қатысып, археологиялық мұраны сақтау мәселелері бойынша институт ұстанымын таныстырды.

Конференция барысында заңсыз қазбалардың тарихы мен қазіргі жағдайына, «тонаушылардың» қызметінің құқықтық аспектілеріне, әртүрлі елдердегі заңнаманың тиімділігіне жүргізілген салыстырмалы талдауға, «қара археологтардың» әрекетін зерттеу әдістеріне және заңсыз археологиялық жұмыстарға қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдеріне арналған баяндамалар тыңдалып, пікіралмасулар болды.

Баяндамашылар Орталық Еуразияда заңсыз археологиялық қазбалардың жаппай және жүйелі сипатқа ие болғанын атап өтті. Бұл археологиялық нысандардың жойылуына және басқа тарихи дереккөздермен толтыру мүмкін емес ғылыми ақпараттың жоғалуына әкелуде. Қорытынды пікірталас барысында қатысушылар мәселені шешу ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар және салалық мекемелер арасындағы үйлестірілген әрекеттерді талап ететінін атап өтті.