Создана “Ассоциации научно-исследовательских институтов и центров археологии тюркского мира” (ARICA)
10 Nov 2023
2023 жылғы 9-қарашада Өзбекстанның Самарқанд қаласында Түркі Академиясының ұйымдастыруымен және Түркі мемлекеттері ұйымының хатшылығының қолдауымен Түркі әлемі археология институттары мен орталықтары басшыларының алғашқы жұмыс кездесуі өтті.
Басқосуға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Татарстан (Ресей Федерациясы), Қарақалпақстан (Өзбекстан Республикасы) және Моңғолия археологиялық зерттеулер саласындағы ғылыми институттар мен орталықтардың басшылары мен сарапшылар қатысты.
Кездесу барысында түркі әлемі археологиясын іргелі зерттеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары мен орталық басшылары ынтымақтастық пен қарым-қатынасты тереңдетудің ықтимал бағыттары талқыланды.
Нәтижесінде тілі ортақ, тарихы тағдырлас түркі әлемі елдері арасында археология саласындағы ғылыми ықпалдастықты тереңдете түсу, мұрамызды заман талабына сай бірлесе зерттеуді ортақ міндет еткен «Түркі әлемінің археологиялық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қауымдастығы» (ARICA) құрылды.
Бірауыздан қолдау тапқан хаттамаға келесі ғылыми-зерттеу мекемелері қол қойып, үйлестіруші кеңесіне мүше болды.
Олар:
1. Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Археология, этнография және антропология институты;
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты;
3. Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институты;
4. Өзбекстан Республикасы Мәдени мұра агенттігінің Я. Гулямов атындағы Самарқанд археология институты;
5. Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Ұлттық археология орталығы;
6. Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Өнертану институты;
7. Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Қарақалпақ бөлімшесінің Қарақалпақ гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институты;
8. Татарстан Ғылым академиясының А.Х. Халиков атындағы Археология институты (РФ).