Тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Николаевич Подушкиннің ғылыми еңбектерінің тұсаукесері
23 Feb 2026
БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
2026 жылдың 25 ақпанында сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі (бұдан әрі – ҚР ҰОМ) және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірге тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Николаевич Подушкиннің «Қаңлы мемлекеті б.д.д. II ғ. – б.д. IV ғ. археологиялық деректер негізінде» және «Тарихи және этномәдени контекстегі Қаңлы мемлекеті (б.д.д. II ғ. – б.д. IV ғ.)» атты екі томдық ғылыми монографиясының тұсаукесерін өткізеді.
Бұл іргелі еңбек – А.Н. Подушкиннің жарты ғасырға жуық ғылыми қызметінің қорытындысы. Кітапта отандық тарих ғылымында алғаш рет көпжылдық археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері жүйеленіп, Қазақстан аумағындағы ежелгі мемлекеттік бірлестіктердің бірі – Қаңлы мемлекетінің саяси, экономикалық және рухани өмірін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін барлық белгілі археологиялық материалдар жинақталған.
Монографияда сәулет және фортификация мәселелерінен бастап, өнер, керамика және рухани мәдениетке дейінгі кең ауқымды тақырыптар қамтылған. Сондай ақ, протосоғды жазуы ерекше назар аудартады. Мамандардың пікірінше, бұл жазу бірегей құбылыс әрі мемлекеттіліктің жоғары атрибуттарының бірі болып табылады. Отандық тарих ғылымында алғаш рет бұған дейін аз зерттелген мемлекет туралы деректер бір жүйеге келтірілді.
А.Н. Подушкиннің зерттеулері нәтижесінде табылған археологиялық артефактілердің басым бөлігі (екі мыңға жуық) ҚР ҰОМ қорында сақтаулы.
Аталған іс-шара аясында «Қаңылы жаңа археологиялық деректер негізінде» атты көрме ұйымдастырылады. Көрмеде Арыс-Бадам бекіністі аймағы (Күлтөбе, Қылышжар, Төлебайтөбе), Өгем өзені аңғары (Үшбастөбе, қорғандар мен қорымдар), Ақтөбе Қызылкөл қалашығы (Шошақтөбе, Қызылкөл қорымы), Сілбелі, Мыңтөбе, Алтынтөбе, Пұшықмардан қалашығы және басқа да нысандарда жүргізілген қазба жұмыстары барысында алынған материалдар ұсынылады.
Экспозициялық материал бес ақпараттық кешен бойынша ұсынылады:
I кешен – Каңлы материалдық мәдениетінде ерекше орын алатын әртүрлі пішіндегі және безендірілген бірегей қыш бұйымдар.
II кешен – жерлеу ескерткіштерін зерттеу барысында табылған қару-жарақ пен ат әбзелдері. Бұл заттар аталған саяси бірлестіктің көшпелі халқының қару жасау ісін және оған байланысты құю, ұсталық, ағаш пен сүйек өңдеу кәсіптерін жақсы меңгергенін көрсетеді.
III кешен – металл және әшекей бұйымдар: Қаңылылардың ауқатты өкілдері сол дәуір үшін қымбат саналатын, соның ішінде асыл металдар мен тастардан жасалған әшекейлерді пайдаланған. Олардың бір бөлігі жергілікті өндірісте жасалса, енді бір бөлігі импорттық болып табылады. Бұл бұйымдар Оңтүстік Қазақстандағы катакомбалық жерлеу орындарындағы әйелдер мен балалардың жерлеу рәсімдерімен байланысты.
IV кешен – наным-сенімдер мен культтер: ана-құдайға табыну, отқа, «өмір ағашына», рухтарға табыну, киелі заттарға құрмет көрсету дәстүрлері археологиялық артефактілерде, халықтық әдет-ғұрыптар мен қолданбалы өнер семантикасында көрініс табады.
V кешен – Күлтөбе қалашығын қазу барысында алынған палеолингвистикалық материалдар: Зерттеушілердің пікірінше, Күлтөбе жазуы ғылымға белгілі мәтіндердің ішіндегі ең ежелгілерінің бірі болып саналады. Ол арамей эпиграфикасымен шығыс ежелгі иран (соғды) тілінің бір диалектісінде жазылған және б.д. II ғасыры – III ғасырдың алғашқы онжылдықтарына жатады.
Ғылыми монографияның тұсаукесер рәсіміне халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері, отандық және шетелдік көрнекті ғалымдар қатысады. Баяндамалар офлайн және онлайн форматта ұсынылады.
Өтетін орны:
Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі
Алматы қ-сы, «Самал-1», 44 үй www. csmrk.kz.е-mail: csmrk1986@mail.ru
Байланыс телефоны: +7 (727) 264 23 90 Ұйымдастыру комитеті
