Германиямен ғылыми ынтымақтастық нығая түседі
21 Jul 2025
2025 жылдың 17 шілдесінде Алматы қаласында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Германиядағы Берлин еркін университетінің Тарихқа дейінгі археология институты арасында ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы мен Берлин еркін университетінің Тарихқа дейінгі археология институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хенни Пиецонка қол қойды.
Құжат қос елдің ғылыми мекемелері арасында тұрақты және нәтижелі қарым-қатынас орнатуға бағытталған маңызды қадам. Меморандум аясында тараптар Шығыс Қазақстандағы неолит және энеолит дәуіріне жататын ескерткіштерді бірлесе зерттеуді, ортақ ғылыми жобалар әзірлеуді және іске асыруды жоспарлауда. Аталмыш тарихи кезеңдер адамзат тарихындағы маңызды бетбұрыстармен ерекшеленетін, отырықшылыққа көшу, егіншілік пен мал шаруашылығының бастау алған дәуірлері ретінде белгілі.
Ынтымақтастық аясында археологиялық қазбалар, зертханалық жұмыстар және табылған жәдігерлерді жан-жақты сараптау көзделіп отыр. Сонымен қатар, тараптар ғылыми семинарлар, конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, жас ғалымдар мен магистранттардың академиялық ұтқырлығын арттыру, бір-бірінің ғылыми мекемелерінде тағылымдамалар өткізу сияқты бағыттар бойынша да бірлесіп жұмыс жүргізуге ниетті.
Бұл келісім екі ел арасындағы ғылым мен мәдениет саласындағы байланыстарды тереңдетіп, Қазақстан археологиясының халықаралық деңгейде танылуына және жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Меморандум – екі жақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болмақ.