Оғыз-қыпшақ кезеңі мен Алтын Орда дәуірінің археозоологиялық мұрасы зерттеле басталды
26 Jun 2025
2025 жылғы 20-30 маусым аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Археология және этнография» ғылыми орталығы базасында археозоологиялық зерттеу жұмыстары басталды. Аталған істі Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының зооархеология зертханасының қызметкерлері (М.С. Шагирбаев, Ш.Б. Қалдыбай) жүргізуде.
Археозоологиялық зерттеу жұмыстары «Ежелгі және орта ғасырдағы Сырдария мен Қаратау: мәдениеттің шығу тегі мен трансформациялануы» (жоба жетекшісі – PhD Ақымбек Е.Ш.) атты ҚР ҒЖБМ ҒК-нің ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Остеологиялық материалдар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография» ғылыми орталығының мамандары (экспедиция жетекшісі – т.ғ.к. А.А. Тажекеев) жүргізген қазба жұмыстары (2015-2024 жж.) нәтижесінде табылғанын айтып өткен жөн. Аталған зерттеу жұмыстары барысында Сырдарияның төменгі ағысындағы Қара-асар, Шіркейлі Қос-асар, Асанас, Сортөбе-1, Сортөбе-2 және Жанкент қалашықтары қамтылған.
Зерттеу барысында Шығыс Арал маңындағы ежелгі тұрғындардың шаруашылығына қатысты тың деректер анықталды. Археозоологиялық сараптама барысында ежелгі мал табынының құрамы мен жануарлардың шартты иерархиясы, үй жануарларының жастық топтары, сойылған кезеңі, тұрғындардың ет тұтыну көлемі, аңшылық кәсіптің бағыты, сондай-ақ жануар сүйегіндегі модификациялық және патологиялық өзгерістер сараланды.
Ғылыми жұмыстар Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті арасында жасалған ынтымақтастық меморандум аясында жүзеге асырылып отыр.