Археологиялық зерттеулердегі жаңа көкжиектер: Отандық ғалымдар Ганьсуда
24 Nov 2025
2025 жылдың 11–19 қарашасы аралығында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлері Қытай Халық Республикасының жетекші археологиялық мекемелеріне ресми жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында заманауи археологиялық зерттеу әдістері, материалдық мәдени мұраны сақтау технологиялары және аймақтық археологиялық ескерткіштердің ерекшеліктері жан-жақты талқыланды.
11 қарашада Институт делегациясы Ганьсу провинциясының Археология институтына барып, Ганьсу мәдени мұра нысандары және археология институтының үлгі сақтау қоймаларымен және зертханаларымен танысты. Бұл сапар ақпараттық-талдамалық сипатта өтті және зертханалардың барлық бағыттарымен танысуға, сондай-ақ болашақ ғылыми ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін айқындауға бағытталды.
Сапар барысында келесі жұмыс бағыттары егжей-тегжейлі қарастырылды:
- тоқыма бұйымдарын зерттеудің зертханалық әдістері;
- археологиялық материалдарды реставрациялау;
- микроструктуралық және спектралдық талдау;
- органикалық артефактілерді реставрациялау әдістемелері.
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері Ганьсу провинциясындағы «Цзяньду» музейіне барып, музей қорларындағы археологиялық материалдарға салыстырмалы-талдамалық шолу жүргізді. Сонымен қатар Бамбук құжаттары музейіне барып, бамбук жазбаларын дайындау технологияларымен танысты.
Делегация металл, минералды, керамикалық және органикалық материалдарды консервациялауға арналған заманауи жабдықтарды көріп, оларды Қазақстандағы жұмыс тәжірибелерімен салыстыруға мүмкіндік алды. Археологиялық коллекцияларды сақтау, есепке алу және зерттеу жүйелері, дерекқорлар, статистикалық тәсілдер мен қазба материалдарын аналитикалық өңдеу әдістері қарастырылды. Адамның антропологиялық 3D-бейнесін қайта қалпына келтіру технологиясы, сондай-ақ климаттық бақылау, каталогтау және цифрлық архивтеу әдістері ерекше қызығушылық тудырды.
Ынтымақтастықтың болашақ бағыттары да жеке талқыланды. Келіссөздер барысында төмендегідей перспективалы бағыттар белгіленді:
- Шығыс Қазақстан аумағындағы қола және ерте темір дәуірінің қоныстары мен кеніштерін зерттеу;
- бірлескен ғылыми-далалық зерттеулер жүргізу;
- археология, реставрация, антропология, зооархеология, қару-жарақ, ГИС-технологиялары, тоқыма және археоботаника салаларында мамандар алмасу;
- біліктілікті арттыру бағдарламалары мен білім беру бастамаларына қатысу;
- бірлескен көрме және музей жобаларын іске асыру.
Сапар Ганьсу археология институтының жоғары ғылыми-техникалық әлеуетін көрсетті және одан әрі кәсіби ынтымақтастыққа берік негіз қалады. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының делегациясы көрсеткен қолдау және ұйымдастырылған мазмұнды кездесулер үшін әріптестеріне алғыс білдіреді.


















