1. Main
  2. News
  3. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жас ғалымдары Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жас ғалымдары Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті
05 Dec 2025

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтында жас зерттеушілердің білім алмасу іс-шаралары жалғасуда. Соның аясында институттың жас ғалымдары Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен арнайы кездесіп, археология ғылымының әртүрлі бағыттары бойынша мазмұнды дәрістер оқыды. Кездесу ғылыми-ағартушылық сипатта ұйымдастырылып, Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық мәдени мұрасын зерттеудегі жаңа әдістер мен зерттеу нәтижелерін таныстыруды мақсат етті.
Іс-шара барысында институттың ғылыми қызметкерлері өз бағыттары бойынша мазмұнды баяндамалар жасады.
М.Қ. Сүйіндікова «Шірікрабат мәдениетінің қыш ыдыстары мен бұйымдары» тақырыбында ерте кезеңдердегі керамикалық кешендердің типологиясы, өндіріс технологиясы және мәдени-тарихи маңызы жөнінде мәлімет берді.
М.С. Шагирбаев «Қазба жұмыстары мен жануар сүйектері: археозоолог нені зерттейді?» атты дәрісінде археозоология ғылымының міндеттері, остеологиялық материалдарды зерттеу тәсілдері және жануар ресурстарының ежелгі қоғамдардағы рөлі туралы түсіндірді.
Н.Б. Нұрғали «Ортағасырлық тұрғын-үй архитектурасы: санитарлық және жылыту жүйелері» тақырыбында ортағасырлық қалалардың құрылыс ерекшеліктері, инженерлік шешімдері мен тұрмыс мәдениетін сипаттады.
Ұ.С. Амантурлин «Палеоантропологияға кіріспе» атты лекциясында ежелгі адам сүйектерін зерттеу әдістері, морфологиялық талдау және адам эволюциясының негізгі кезеңдері жөнінде таныстырды.
Ш.Б. Қалдыбай «Қазақстан аумағындағы ежелгі үй мысықтары: археологиялық деректерге шолу» баяндамасында үй жануарларының қолға үйретілуі, археозоологиялық деректердің маңызы және археологиялық контекстегі ерекшеліктері туралы қызықты ақпарат ұсынды.
Кездесу аясында оқушылар археология ғылымына қатысты көптеген сұрақтар қойып, белсенділік танытты. Әсіресе археологиялық зерттеу әдістері, қазба материалдарын тіркеу мен сақтау мәселелері, зертханалық сараптамалардың мүмкіндіктері, сондай-ақ заманауи робототехника мен цифрлық технологияларды археологиялық жұмыстарда қолдану мәселелері оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Іс-шара оқушылардың ғылыми ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, Қазақстан археологиясының заманауи жетістіктерімен танысуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер жас буынның ғылыми ізденіске қызығушылығын арттырып, болашақ зерттеушілердің қалыптасуына үлес қосатыны сөзсіз.