Жетіасар мәдениеті ескерткіштерінде кешенді зерттеулер жүргізілуде
17 Sep 2025
Елімізде тұңғыш рет Жетіасар мәдениеті ескерткіштерін кешенді зерттеу ісі қолға алынуда. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Неміс археология институтының бірлескен археологиялық экспедициясы (қазба жетекшілері Ә.Ә. Тәжекеев Ф. Шрайбер) жүргізуде.
Қазба жұмыстарына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универститенің Археология және этнография ғылыми орталығының және Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері қатысуда.
Жетіасар шатқалының ең шығысындағы Қара-асар қалашығы қазіргі жер бетінің деңгейінен 10-12 м биіктікте сақталған, көлемі 140х150 м болатын екі қабаттан тұратын бекіністі қоныс болып табылады. Ортаңғы бөлігінде көлемі 40х40 м екінші қабаты тұрғызылған. Оны айнала күрделі жоспарлы тұрғын үйлер кварталдарынан тұратын бірінші қабаты бар. Қалышықтың қақпасы солтүстік жағында орналасқан.
Қалашықтың төменгі ауданы (бекініс төменгі үшінші, барлық жағынан жауып тұрған ең төменгі бөлігі) бірнеше гектарды құрайды, ал оның бірінші қабатының биіктігі 6-8 м, ал жоғарғы екінші қабаты 12 м. дейін жетеді. Басқа Жетіасар қалашықтары сияқты, ескерткіштің беті толығымен керамика сынықтарымен шашылған және қызыл түсті жылтыратылған ыдыстардың сынықтары басым кездеседі. Беткі қабатта кездесетін Жетіасардың барлық үш кезеңінің кешеніне тән керамикалық бұйымдар мен заттар жиынтығы, бұл қоныстың ұзақ уақыт бойы үздіксіз өмір сүргенін көрсетеді.
2024-2025 жылдардағы қазба жұмыстары нәтижесінде б.з. V-VI ғғ. жататын екі құрылыс кезеңдерінен тұратын қырыққа жуық бөлмелер ашылды. Бірінші құрылыс кезеңінде үлкен аулаға шығатын есіктері бар тұрғын үй кварталы белгілі бір жоспармен, тәртіппен салынғаны анықталды. Ал екінші құрылыс кезеңіне өте жақсы сақталған үйлер (ошақ, суфалары бар) мен көшелер тән. Екі құрылыс кезеңіне ортақ нәрсе, ол бөлме есіктерінің орындары. Есік ойықтары 70-90 см тең. Есік табалдырықтары саз кесектен немесе ағаштан жасалған. Тағы бір ерекшелігі есіктердің жақтау ағаштары астына арнайы ірі қара малының жамбас сүйегі қойылған. Жамбас сүйегін үш жағынан шауып, тар ойыққа орналастырған. Ортаңғы жіліктің ұршығы бекітілетін жамбас сүйегі ойығына есік жақтау ағашы отырғызылып, есіктің оңай ашылуын қамтамассыз еткен.
Қара-асар қалашығындағы зерттеулер Жетіасар мәдениетіне жататын қалашықтардың құрылыс жүйесін, шаруашылық қызметін және тұрмыстық дәстүрлерін жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижесінде алынған деректер Жетіасар мәдениетінің Сырдария бойында қалыптасқан ежелгі өркениеттер тарихын терең түсінуге және оның бүкіл Орталық Азиядағы мәдени-тарихи рөлін анықтауға зор үлес қосады.
Жетіасар мәдениеті – Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы, оның ескі арнасы Қуаңдарияның бойында орналасқан көне ескерткіштер тобының жиынтық атауы. Мерзімделуі б.з.д. І-мыңжылдықтың ортасы – б.з. ІХ ғ-дың басы. Бұл ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен Жетіасар мәдениеті деп атаған.
Жетіасар мәдениетінің ескерткіштерін алғаш рет 1946 ж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.П. Толстов) анықтаған болатын. Ескерткіштерді зерттеу ісі 1948-49, 1951-58, 1966 жылдары М.А. Итана және Л.М. Левина тарапынан жүргізілген болатын.
Жетіасар мәдениетіне Жетіасар-1, Жетіасар-2, Жетіасар-3 (Алтын-асар). Бидайық-асар, Сырлы-асар, Дөңгелек-асар, Үңгірлі-асар, Томпақ-асар, Қара-асар, Жалпақ-асар, Ағаш-асар сияқты барлығы 50-ге жуық қалалар мен жүздеген обалар бар және суландыру жүйелерінің орындары жатады.