Ұлытаудың үнсіз шежіресі: Ақтас мұртты обасы сыр шертеді
22 Oct 2025
Тас тізбекті немесе «мұртты» обалар Ұлытау өңірінің мәдени-тарихи келбетін айқындайтын ерекше археологиялық нысандардың бірі. Олар Тасмола мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде ерте темір дәуірі көшпелілерінің дүниетанымы мен ғұрыптық дәстүрлерін бейнелейді. «Мұртты» обаларды зерттеу ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл ескерткіштер ерте көшпелілердің діни нанымдары, әлеуметтік құрылымы және ғұрыптық рәсімдері жөнінде құнды деректер береді.
2025 жылғы далалық маусымында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Ұлытау экспедициясы (қазба жетекшісі – т.ғ.к. Ж. Р. Утубаев) Ұлытау ауданының Ақтас елді мекенінің маңында археологиялық барлау және қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде әр түрлі кезеңдерге жататын жаңа ескерткіштер анықталды. Олардың қатарында ерте темір дәуіріне тән «мұртты» оба мен түркі кезеңіне жататын тас жәшіктер бар.
Қазба жұмыстарына Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының қызметкері Сейдахметов Дастан қатысты. Зерттелген ескерткіш Ақтас ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 7 км жерде, Байқоңыр өзенінің сол жағалауында орналасқан. Оба дөңгелек пішінді, диаметрі – 12 м, биіктігі – 0,5 м. Басты обадан шығысқа қарай екі бағытта – оң және сол жаққа – тас тізбектер (мұрттар) тартылған. Тізбектердің ұзындығы шамамен 55 × 65 м.
Қазба барысында басты обаның түбінен қыш ыдыс табылса, оң жақ тізбектің шеткі бөлігінен тас құрал анықталды. Бұл артефактілер мен құрылымдық белгілер ерте көшпелілердің ғұрыптық әрекеттерімен, әсіресе күн мен от культіне байланысты наным-сенімдерімен тығыз байланысты болғанын көрсетеді.
Ақтас мұртты обасы өзінің құрылымдық ерекшелігі мен ритуалдық мазмұны арқылы ерте темір дәуіріндегі діни дүниетаным мен космологиялық түсініктердің айқын көрінісі болып табылады. Алдағы уақытта осы ескерткіш пен оған ұқсас нысандарды кешенді археологиялық, астрономиялық және палеоэкологиялық тұрғыдан зерттеу олардың нақты функциясы мен семантикалық мазмұнын терең түсінуге мүмкіндік береді.