Едіге кешеніндегі зерттеулер: Алтын Орда ескерткіштері жөніндегі жаңа деректер
21 Oct 2025
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы аумағындағы Едіге таулары маңында орналасқан жерлеу нысандарын зерттеді. Бұл зерттеулердің мақсаты – Алтын Орда дәуірінің соңғы кезеңіндегі аса көрнекті қолбасшылардың бірі, түркі халықтарының тарихи жадында ерекше орын алған Едіге батырдың жерленген орнын анықтау болып табылады.
Едігенің мәңгілік мекені туралы мәселе бірнеше ғасыр бойы ғалымдар мен зерттеушілердің назарында. Халық аңыздары мен XIX ғасырдың көрнекті ғалымдары Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің жазбаларында Едіге батырдың соңғы күндерін осы өңірде өткізгені және дәл осы жерде жерленгені туралы мәліметтер кездеседі.
Биылғы далалық маусымында Археология институтының ғалымдары Едіге кешеніндегі №2 және №3 обаларды зерттеді. Қазба жұмыстары барысында жерлеу құрылымдарының ерекшеліктері анықталып, стратиграфиялық мәліметтер тіркелді, сондай-ақ антропологиялық және остеологиялық материалдармен қатар, нысанның хронологиясы мен мәдени сәйкестігін нақтылауға мүмкіндік беретін жәдігерлер табылды.
Ұлытау өңірі – Қазақстанның тарихи-мәдени картасында ерекше орын алатын аймақ. Мұнда Алтын Орда дәуірі мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихымен байланысты көптеген ескерткіштер шоғырланған.
Қазіргі уақытта барлық табылған материалдар камералдық өңдеуден және зертханалық сараптамадан өтіп жатыр. Антропологиялық және остеологиялық үлгілер радиокөміртекті талдауға жіберілді. Бұл зерттеулер Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандарына ескерткіштің дәуірін нақты анықтауға мүмкіндік береді. Жиналған материалдар Ұлытау өңірінің тарихы жөніндегі деректер қорын толықтырады.
Камералдық зерттеулер мен сараптама аяқталған соң, Археология институты Едіге кешенінде алынған нәтижелер бойынша толық ғылыми есеп пен көрнекі материалдарды көпшілік назарына ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл деректер Алтын Орда дәуірін тереңірек түсінуге және Едіге тұлғасының ортағасырлық Қазақстанның саяси әрі мәдени дәстүрінің қалыптасуындағы тарихи рөлін айқындауға маңызды үлес қосады.