Этноархеологиялық зерттеу тобы
25 Нау 2024
Этноархеология тобы ... 2024 жылғы Институт ғылыми кеңесінің шешімі бойынша (хаттама №...) 2024 жылдан бастап жұмыс жасай бастады. Институт қабырғасында алғаш ашылған жаңа бағыт болып табылады.
Этноархеология посткеңестік кеңістікте енді ғана қолға алынып келе келе жатқан тарих ғылымының жаңа саласы. Аты айтып тұрғандай археология мен этнография ғылымдарының ұштасуынан туындайды.
Негізі археология мен этнография ғылымын ұштастыра отырып зерттеу ХІХ ғ. патшалы Ресей кезінде кең қолданылған әдіс болатын. Кеңес үкіметі жылдарында бұл этноархеологиялық әдістемені Ә.Х. Марғұлан, М.П. Грязнов, А.Н. Бернштам, С.П. Толстов және т.б. кеңес ғалымдары аз да болса өз зерттеулерінде пайдаланды. Мысалы С.И. Руденко Пазырық обаларының тұрғызылуы ас секілді шаралар негізінде іске асқанын алға тартып, археология мәселесінде қазақ, қырғыз халықтарының этнографиясын ден қойып зерттеудің маңыздылығын жазады. Тас мүсіндердің мән-мағынасын анықтауда археологиямен қатар жазба және этнографиялық деректерді ұштастыра зерттеудің маңызды екенін кезінде Л.Р. Кызласов атап көрсеткен болатын. Ә.Х. Марғұланның: «О характере и исторической обусловленности казахского эпоса» атты мақаласы, «Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер» «Ежелгі жыр, аңыздар» атты еңбектері этноархеологиялық маңыздағы зерттеулер болып табылады. Сондай-ақ, Ә.Х. Марғұлан «Қазақ қолөнеріне» арналған этнографиялық еңбегінде археологиялық мұраларды қатар қолданып, балама ретінде ұсынып отырған.
Этноархеология жеке ғылыми зерттеу бағыт ретінде шетелдерде (Америка, Еуропа) ХХ ғ. 60-70 жж. кеңінен тарай бастады. Әрі жаңаша бағыттар пайда болып, жаңаша әдістемелер даму үстінде болды.
Англо-американдық археологтар этноархеологияны «іс-қимыл археологиясы» және «тірі мәдениет» деп анықтама береді. Олар «тірінің» «өлі» мәдениетке айналу процесінің заңдылықтары мен механизмдерін қадағалау арқылы біртұтас тарихты жасауға тырысады. Яғни олар зерттеу аясындағы этностың бүгінгі тұрмыс-тіршілігін бақылап, зерттей отырып көне заманмен салыстырады. Басқаша айтқанда этнографиялық мәдениетті археологияға айналдырады.
Бүгінде қазақ археологиясы Ә.Х. Марғұлан ізін салып кеткен этноархеология саласына қайта бет бұруын бастады. Этноархеологиялық топ археологиялық экспедицияның құрамында алғаш рет ресми түрде 2023 жылы СҚО аумағында жұмыс жасады. Бұл шара Ә.Х. Марғұлан ат. Археология институты тарапынан ұйымдастырылды.
Отандық тарих ғылымы қазақ тарихына тереңдеген сайын, қордаланған жайттар көптеген сұрақтарда бірлесе шешуді қажеттілігі айқындалып келеді. Дәл осындай жағдай археология саласы алдында туындап отыр. Оны үстіне Қазақстан археологиясы тікелей көшпелі өркениет мұраларын, тарихи жәдігерлерін зерттеуге арналған. Осы тұста археология ғылымының арқа сүйейтін саласы этнография болмақ. Англо-американдық этноархеологияның тілімен айтқанда «өлі» мәдениетті «тірі» мәдениетпен салыстыра отыра зерттеу.
Этноархеология тобының мақсаты:
ХІХ-XVIII ғғ. қазақ қоғамын, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүр және әдет-ғұрыптарын зерттей отырып, оларды ортағасыр және көне дәуірлердегі көшпелі халықтармен салыстыру.
Англо-американдық этноархеологияның тілімен айтқанда «тірі» мәдениетті «өлі» мәдениетпен салыстыра отырып, өзара байланысын анықтау.
Бұл тұста аймақтық ерекшеліктерге аса мән беріледі. Мысалы Жетісу қазақтарын зерттей отырып олардың тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығын өңірді мекендеген көне халықтармен салыстыру. Яғни, арада қанша ғасырлық алшақтық жатсада өңірді мекендеуші рулардың көш-қон жолдарының қаншалықты бір-бірімен сәйкесетіндігін немесе өзгешеліктерін анықтау.
Әр өлке (Жетісу, Сарыарқа, Сыр бойы, Алтай және т.б.) өзінің ғасырлар бойғы қалыптасқан тарихи-географиялық ерекшеліктеріне сай қарастырылады.
Этноархеология тобының міндеттері:
- ХІХ-XVIII ғғ. қазақ қоғамын, оның тұрмыс-тіршілігін (шаруашылығы, көш жолдары) зерттеу.
- Қазақ халқының заттық мәдениеті түрлерін ажырату:
- Баспана, тұрақ-жай, қора-қопсы түрлері;
- Зергерлік бұйымдар – сәндік әшекейлер және әт әбзелдері.
- Рухани мәдениет: Шежіре; Діни наным-сенім.
- Тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу:
- Археологиялық ескерткіштер (оба, тас мүсін, көне қоныстар, қала жұрттары және т.б.);
- Архитектуралық мемориалды-ғұрыптық ескерткіштер (қорымдар, зираттар, бейіттер, мола, кесене, мазар, көктас, құлпытас және т.б.);
- Ғұрыптық кешендер (мешіт орындары, мектеп-медреселер, храмдар және т.б.).