Энеолит дәуірінің Қызылжар (Красный Яр I) ескерткішінде жүргізілетін Қазақстан-Америка бірлескен экспедициясы
19 Мам 2025
2025 жылдың 20 мамыры күні Красный Яр I (Ақмола облысы) энеолит қонысында Қазақстан-Америка бірлескен экспедициясы ұйымдастырған археологиялық зерттеу жұмыстары басталады.
Далалық зерттеулер «Энеолит дәуіріндегі Орталық Еуразия даласындағы тіршілікті қамтамасыз ету стратегиясы және оның эволюциясы» атты халықаралық жоба аясында жүргізіледі. Жоба Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Арканзас университеті (АҚШ) арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ ҚР ҒЖБМ ҒК «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан: археологиялық дереккөздерді жүйелеу және талдау» атты іргелі ғылыми зерттеулер бағдарламасы негізінде іске асырылады.
Жобаның мақсаты – энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету стратегиясын және олардың дәуір бойынша өзгеріп отыруын реконструкциялау. Зерттеу аясында археозоология, палеогеномика, изотоптық талдау әдістерін, сондай-ақ цифрлық және дәстүрлі археологиялық тәсілдерді қолдану жоспарланған.
Красный Яр І қонысындағы қазба жұмыстары барысында дала жұмыстарының барлық кезеңдері жан-жақты цифрлық тұрғыдан тіркеледі және түрлі жаратылыстану-ғылыми зерттеу жұмыстары үшін сынамалар жиналады. Алынған материалдар шаруашылық өмірдің және энеолит дәуірінің мәдени процестерінің бұрын зерттелмеген аспектілерін аша түседі деп көзделген.
Жоба жетекшісі – Қазақстан тарапынан тарих ғылымдарының кандидаты С.В. Захаров, ал Америка тарапынан PhD доктор Т. Гермес. Экспедиция жұмысына Қазақстан мен АҚШ ғалымдары, студенттері мен еріктілері атсалысады.