1. Главная
  2. Жаңалықтар
  3. Ә.Х. МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Ә.Х. МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
21 Ақп 2024

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің төраға міндетін атқарушы Ғ.Ж. Жанқуатовтың 2024 жылдың 12 ақпанындағы бұйрығымен Әсемгүл Дәуренқызы Қасенова Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды.

Әсемгүл Дәуренқызы 2008 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдады. 2010 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистратура бағдарламасын тарих мамандығы бойынша аяқтап, тарих магистрі академиялық дәрежесін алды.

2014-2017 жж. Кемерово мемлекеттік университетінде аспирантурада оқыды. 2019 жылы 07.00.06 «Археология» мамандығы бойынша «Сарыарқаның ежелгі және ортағасырлық тас мүсіндерінің зерттелу тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, доцент Л.Н. Ермоленко.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Құрмет» грамотасымен және Ғылым және білім саласындағы «Үздік жас маман» медалімен марапатталған.

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтында 2008 жылдан бастап қызмет жасайды. Ғылыми қызығушылығы тас мүсіндері бар жерлеу-аза тұту кешендерімен тығыз байланысты.