«Археология және палеогенетика: қазіргі жағдайы және ынтымақтастық көкжиегі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті
29 Қыр 2024
2024 жылғы 28 қыркүйекте Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтында «Археология және палеогенетика: қазіргі жағдайы және ынтымақтастық көкжиегі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Қазақстан тарихындағы ғұн-сармат кезеңі: пәнаралық зерттеу, талдау және қайта жаңғырту» ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының, Генетика және физиология институтының, Ұлттық биотехнология орталығының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Назарбаев университетінің, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Торайғыров университетінің, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінің археологтары мен генетиктері, сондай-ақ АҚШ-тың Техас университетінің, Арканзас университетінің, Германия еліндегі Макс Планк институтының және Германия археология институтынан әріптестер қатысты.
Жиын барысында археология мен палеогенетиканың өзара байланысының түрлі аспектілері, оның ішінде ежелгі ДНҚ-ны талдаудың қазіргі заманғы технологиялары, археологиялық олжаларды интерпретациялау, сондай-ақ болашақ зерттеулер үшін биологиялық материалдарды сақтау мәселелері қарастырылды. Қатысушылар ежелгі халықтарды пәнаралық зерттеу, Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі халықтардың көші-қоны, этногенезі және мәдени байланыстарының ерекшеліктері туралы пікір алмасты.
Ерекше назар палеогенетиканың заманауи әдістерін далалық археологиялық зерттеулерге енгізу мүмкіндіктеріне, сондай-ақ халықаралық бірлескен жобалар мен ғалымдар арасындағы тәжірибе алмасу мәселелеріне аударылды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар зерттеулерді одан әрі дамытуға нақты ұсыныстар әзірлеп, археогенетикалық және археологиялық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісті.