
Байпақов Карл Молдахметұлы (17.11.1940 -23.11.2018)
Байпақов Карл Молдахметұлы 1940 жылы 17 қарашада Алматы облысының Талғар қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Ленинград мемлекеттік университетін «тарихшы-археолог» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін ҚазКСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының аспирантурасын тәмамдайды, 1966 жылы «VI-XII ғасырдың басындағы Жетісудың қалалары мен қоныстары» атты кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1986 жылы «VI-VIII ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ортағасырлық қалалық мәдениеті (Динамика және негізгі даму кезеңдері)» атты докторлық диссертациясын қорғады. Профессор (1995), Германия археологиялық институтының корреспондент-мүшесі (1991), Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі (1994), ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі (2004), оған «Қазақстан Республикасының ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы берілді (1998).
Кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін ҚазақКСР Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында кіші, содан кейін аға ғылыми қызметкер (1966-1989 жж.); ортағасырлық археология бөлімінің меңгерушісі, Археология орталығының басшысы – ТАЭИ-ның директорының орынбасары (1989-1991 жж.) болып жұмыс істеді. 1991-2010 жж. – ҚР Ұлттық ғылым академиясының (ҚР БҒМ) Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, 2010 жылдан бастап Археология институтының құрметті директоры, урбанизация және көшпелі бөлімінің меңгерушісі болды. 1971 жылдан бастап - орынбасары, 1989 жылдан қазіргі уақытқа дейін – Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының бастығы; далалық зерттеу жұмыстары арасынан маңызды жетістіктеріне Отырарды қазу, VI-VIII ғасырлардың бірегей оюлы тақтайшалары бар Құйрықтөбе қалашығындағы сарай кешенін ашу; Костобе (ортағасырлық Жамукат) қалашығының цитаделі мен некрополын қазу; Қаялық қалашығындағы ауылдық сарайды қазу, Қаялық қалашығында будда храмы мен сарай кешенін ашу, Батыс Қазақстандағы Жайық қалашығын зерттеу жатады.
К.М. Байпақов – Қазақстан мен Орталық Азияның ортағасырлық археологиясы бойынша жетекші маман. Ол сонымен қатар кангюй мәселесін, қала мен дала байланыстарын, көшпелі және отырықшы өркениеттерді зерттеуге және археологиялық ескерткіштерді қорғау ісіне елеулі үлес қосты. Оның басты ғылыми бағыттарының бірі – Ұлы Жібек жолының саяси, экономикалық және мәдени байланыстары, ортағасырлардағы рухани мәдениет мәселелерін зерттеу болды. Ұлы Жібек жолын зерттеу және мәдениетаралық диалогтар жолындағы жетістіктері үшін ЮНЕСКО К.М. Байпақовты арнайы медальмен марапаттады. К.М. Байпақовтың Отырар және Қазақстанның Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштерін сақтау және қалпына келтірудің маңыздылығына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуындағы еңбегі зор. 1966 жылдан бастап С.М. Киров атындағы ҚазМУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, доценті, профессоры болды.
Оның жетекшілігімен 17 кандидаттық және 5 докторлық диссертация қорғалды. ҚР Мемлекеттік сыйлықтарын тағайындау комиссиясының мүшесі (2006-2011 жж.) болды. ЮНЕСКО-ның «Орталық Азия өркениеттерінің тарихы» атты бес томдықты дайындау жөніндегі халықаралық комитетінің мүшесі, 5-томды дайындау және шығару жөніндегі тең төрағасы, 4 және 5 томдардағы мақалалардың авторы және бірлескен редакторы (1991-2005 жж.) болды. Осы жұмысы үшін ЮНЕСКО медалімен марапатталған. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің «Археологиялық ескерткіштер» секциясының жетекшісі. Халықаралық ЮНЕСКО сарапшысы: Қазақстан-Жапония-ЮНЕСКО жобасы «Ежелгі Отырар қалашығын сақтау» (2001-2004 жж.), «Ұлы Жібек жолы: Қытай – Орталық Азия» трансшекаралық номинациясын дайындау бойынша (2006 жылдан қазіргі уақытқа дейін).
«Оңтүстік Қазақстан және Жетісу ортағасырлық қалалық мәдениеті (VI-XIII ғ. басы)» монографиялық еңбегі үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды (Алматы, 1986). «Парасат» орденімен (2003), «Барыс» орденінің III дәрежесімен (2010); «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен (2002); «Экономикалық Ынтымақтастық елдерінің рухани дамуын зерттеуге қосқан үлесі» номинациясы бойынша диплом және естелік белгімен марапатталған (2006); Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының «Ғылым және білім» номинациясы бойынша лауреаты, Қазақстан Республикасы; ҚР ЖОО қауымдастығының А. Байтұрсынов атындағы күміс медалімен марапатталған. К.М. Байпақовтың 1966-2011 жж. аралығында 17 авторлық монографиясы, 11 бірлескен авторлық монографиясы, жоғары оқу орындарына арналған археология бойынша 7 оқулығы мен оқу құралдары, мектептерге арналған 6 оқулығы, 15 альбомы және Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент, Бішкек, Сеул, Токио, Исламабад, Берлин, Рим, Милан, Лондон, Кембридж, Үрімші, Париж, Анкара ғылыми басылымдарында орыс, қазақ, ағылшын, француз, неміс, итальян, түрік, жапон, корей және қытай тілдерінде 600-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрген. К.М. Байпақов – Қазақ КСР тарихының көптомдық басылымдарының бөлімдерінің авторы (т. 1 – 1977; т. 2 – 1979) және Қазақстан тарихы (т. 1 – 1996, т. 2 – 1997), Алматы тарихы (т. 1 – 2006).
2018 жылы 23 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды.
Байпаков К.М. По Великому Шелковому пути. - Алма-Ата, 1991(в соавт.)
Байпаков К.М. Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути. - Алматы, 1998.
Байпаков К.М. Туркестан – очаг цивилизации. - Алматы, 2000 (на каз., рус., англ. яз.) (в соавт.)
Байпаков К.М. Древние сокровища Алматы. - Алматы, 2004 (на каз., рус., англ. яз.) (в соавт.).
Байпаков К.М. Древние города Казахстана. - Алматы, 2007.
Байпаков К.М. Қазақстанның ежелгі қалалары. - Алматы, 2007.
Байпаков К.М. Великий Шелковый путь на территории Казахстана. - Алматы, 2007.
Байпаков К.М. Поселения саков и усуней на территории Жетысу и Алматы. - Алматы, 2008 (на каз., рус., англ. яз.).
Байпаков К.М. Западнотюркский и Тюргешский каганаты: тюрки и согдийцы, степь и город. -Алматы, 2010 (на каз., рус. яз.).
Байпаков К.М. Археологическое культурное наследие г. Алматы. -Алматы, 2010 (на каз., рус., англ. яз.).
Байпаков К.М. Казахстанский отрезок Великого Шелкового пути в серийной номинации ЮНЕСКО. - Алматы, 2011 (на рус.яз, англ.яз) (в соавт.).
Байпаков К.М. Сокровища древнего и средневекового Тараза и Жамбылской области. - Тараз, 2011 (в соавт.).
Baipakov K.M. The Silk Route across Central Asia // History of Civilization of Central Asia. Vol. IV, p.2. UNESCO Publishing, 2000. P.221-226.
Baipakov K.M., Kumekov B.E. The Kazakhs // History of Civilization of Central Asia. Vol. V (XVI – middle XIX c.). UNESCO Publication, 2003. P.379-391.
Baipakov K.M. Handicrafts // History of Civilization of Central Asia. Vol. V (XVI – middle XIX c.). UNESCO Publication, 2003. P.89-109.