
Кулик Тамара Ивановна
Тамара Ивановна Кулик 1940 жылы 30 қарашада Воронеж қаласында дүниеге келген. 1969 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің тарих факультетінің археология кафедрасын бітірген. Университетті аяқтаған соң, Ферғана облыстық өлкетану мұражайында жұмыс істеуге жіберілді.
1969 жылдың шілдесінен 1970 жылдың мамырына дейін Өзбекстанның Ферғана қаласындағы облыстық өлкетану мұражайында революцияға дейінгі тарих бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. 1970 жылдың мамырынан 1973 жылдың қазанына дейін Ферғананың ескерткіштерді қорғау қоғамы облыстық кеңесінде археолог қызметін атқарды. 1973 жылдың қарашасынан 1974 жылдың қарашасына дейін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТАЭИ-ның археология бөлімінде аға лаборант болып жұмыс істеді.
Т.И. Кулик «Қазақ КСР-нің көптомдық тарихы» және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТАЭИ-ның басқа да жоспарлы тақырыптарын дайындау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға белсенді қатысты.
1975 жылдың басында Тамара Ивановна Институт бұйрығымен археологиялық қор сақтаушысы болып тағайындалды. Ол археологиялық қорды сақтау бойынша жұмыстарды бастады, археология мұражайы үшін қолайлы сақтау жүйесін әзірледі.
ОҚКАЭ жұмыстарында да белсенді қатысты. 1974 жылы Отырарда II қазбаны жүргізіп, қазбадан алынған керамиканы және олжаларды сипаттады. 1975-1976 жылдары Отырар қалашығындағы V қазбаны басқарып, қорғаныс құрылыстарын зерттеді.
1977 жылдың қарашасында Т.И. Кулик зерттеуші-стажер лауазымына ауыстырылып, екі жылға Ленинградтағы Археология институтының Ленинград бөлімшесіне жіберілді.
1985 жылы басқа қалаға көшуіне байланысты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТАЭИ-нан жұмыстан шықты.
Қазіргі уақытта Израильде тұрады.
Кулик Т.И. Два хума с городища Шаушкумтобе // Древности Казахстана. - Алма-Ата, 1975. - С. 94-96.
Кулик Т.И. Исследование оборонительных сооружений Отрара // АО-1976. - М., 1976. - С. 517.