
Садомсков Владимир Иванович (12.01.1928-14.05.1993)
Садомсков Владимир Иванович 1928 жылы 12 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген. 1942-1946 жылдары Орал қаласындағы К. Ворошилов атындағы зауытта, 1946-1947 жылдары Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы зауытта және № 57 мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. 1960 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетін бітірген. 1966 жылы 16 наурызда археология бөліміне инженер-реставратор болып қабылданған. Мемлекеттік Эрмитажда тәжірибе жинақтаған. Ол сақтардың Бесшатыр обасынан табылған ағаш кесенесінің көшірмесін жасаған.
В.И. Садомсков кәсіби археолог болған, Қаратұма некрополін, Алексеев патша қорымын зерттеген отрядты басқарған. Ол К.А. Ақышевтың жетекшілігімен Бесшатыр обаларын қазған Іле археологиялық экспедициясының жұмыстарына қатысқан.
В.И. Садомсков К.А. Ақышевтың ғылыми жетекшілігімен «Алтын адамның» макетін жасап, бас киімін, киімін, аяқ киімін, әшекейлерін және қару-жарағын қалпына келтірген. 1993 жылы 18 мамырда музей күніне орай Владимир Ивановичке Есік қаласының құрметті азаматы атағы берілді.