1. Басты бет
  2. Тарихтағы тұлғалар
  3. Пацевич Героним Иосифович (1893-1970)
Пацевич Героним Иосифович  (1893-1970)

Пацевич Героним Иосифович (1893-1970)

Археолог, тарих ғылымдарының кандидаты
Профиль
Негізгі басылымдардың тізімі

Пацевич Героним Иосифович 1893 жылы Белоруссия КСР-нің Витебск облысы, Шатрово ауылында дүниеге келген. 1910 жылы Смоленск реалдық училищесін бітіріп, Мәскеу археологиялық институтына түсіп, 1914 жылы ғалым-археолог мамандығын алған. 1919-1924 жылдары Г.И. Пацевич Қызыл Армия қатарында қызмет еткен, ал 1924-1933 жылдары инженер болып жұмыс істеген. 1934-1938 жылдары Героним Иосифович Қазақстанның Орталық музейінің ғылыми хатшысы болған. Осы уақыт ішінде ол А.Н. Бернштамның жетекшілігімен Жетісу археологиялық экспедициясына белсенді қатысқан. Оның соғысқа дейінгі алғашқы жұмыстары Талас аңғарының ескерткіштерін зерттеуге арналған.

1938 жылы ортағасырлық Тараз аймағындағы ескерткіштердің сақталуын қадағалау бойынша Жамбыл қаласында археологиялық пункт ұйымдастырылғаннан кейін, Г.И. Пацевич Жамбыл қаласына көшіп, Республикалық қорықтар басқармасына қарасты пункттің директоры болып жұмыс істеген.

Жамбыл қаласында жұмыс істеген жылдары Г.И. Пацевич оннан астам дербес сапарлар мен жаяу маршруттар жасап, ежелгі сауда жолдарын және Талас пен Шу аңғарларының ортағасырлық қалаларының топографиясын зерттеген. Ол ондаған қорған қорымдарын ашып, зерттеген.
1947 жылдың маусым айынан бастап археологиялық пункт Қазақ КСР Ғылым академиясының ИИАЭ қарамағына берілгенде, Г.И. Пацевич 1955 жылға дейін институтта жұмыс істеп, археологиялық зерттеулерге белсене қатысқан. 1947-1951 жылдардағы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында жұмыс істеп, «Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен елді мекендерінің қирандылары» атты қолжазбасын баспаға дайындаған, осы негізде 1954 жылы Мәскеуде «VII-XV ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстан қалалары мен елді мекендерінің тарихи топографиясы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.

Г.И. Пацевич Орталық Қазақстан және Батыс Қазақстан археологиялық экспедицияларына белсене қатысқан, ал 1956 жылы тың жерлерге, Қостанай облысына экспедицияны басқарған. Оның алған жаңа материалдары Солтүстік Қазақстанды археологиялық зерттеудегі ақтаңдақтарды толтырды. Ол «Қазақстанның археологиялық картасы» жинағын баспаға дайындауға қатысқан. Барлығы Героним Иосифович Қазақстанның ежелгі тұрғындарының топографиясын, архитектурасын, құрылыс ісін, шаруашылығын және тұрмысын сипаттайтын шамамен 50 жұмыс жариялаған. Оның Тараз қазбалары нәтижесінде алынған материалдар негізінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ежелгі және ортағасырлық тарихы бойынша алғашқы экспозиция жасалған.
1955 жылы Г.И. Пацевич зейнеткерлікке шыққанымен, археологиямен байланысын үзбеген. 1959 жылы ол Шардара су қоймасы аймағындағы археологиялық зерттеулерге қатысқан.
1970 жылы 4 қазанда қайтыс болды.

Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселений и городов Южного Казахстана // Труды ИИАЭ. -Алма-Ата, 1956. - Т.V. Археолоия. - С. 3-215 (в соавторстве).
Пацевич Г.И. Отчет о работах Южно-Казахстанской археологической экспедиции // Труды ИИАЭ. - Алма-Ата, 1956. - Т. I. Археология. - С. 33-60 (в соавторстве).