1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Зайнолла Самашев – 2025 жылғы Мемлекеттік сыйлық лауреаты

Зайнолла Самашев – 2025 жылғы Мемлекеттік сыйлық лауреаты
24 Қаз 2025

ҚҰТТЫҚТАУ

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ұжымы Институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашевті «Қазақстан археологиясы. Деректер мен зерттеулер» (I–XIII томдар) атты сериялық басылымы үшін Қазақстан Республикасының А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы 2025 жылғы Мемлекеттік сыйлығымен марапатталуымен шын жүректен құттықтайды!

Бұл жоғары марапат – Қазақстан археологиясының көпжылдық жүйелі зерттеулері мен жинақталған ғылыми тәжірибесінің, сондай-ақ ұлттық тарихтың көне және ортағасырлық кезеңдерін жаңаша зерделеуге бағытталған еңбектердің лайықты жемісі.

«Қазақстан археологиясы. Деректер мен зерттеулер» сериясы – археологиялық мұраны кешенді зерттеу мен ғылыми айналымға енгізудің жаңа сапалық деңгейін айқындаған іргелі жоба. Бұл ғылыми зерттеулер Отандық археологияның теориялық және деректік негізін кеңейтіп, көне және ортағасырлық мәдениеттердің даму заңдылықтарын терең тануға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, 2017 жылы Институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Карл Молдахметұлы Байпақов (1940-2018) «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық урбандалуы (Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының материалдары негізінде)» еңбегі үшін әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған болатын.

Екі ғалымның еңбектерінің мемлекеттік деңгейде мойындалуы – қазақстандық археология ғылымының дамуы мен оның әлеуетін айқындайды.

Бұл жетістік – Қазақстан археологиясының халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін арттырған зор белес әрі болашақ зерттеулерге тың серпін беретін маңызды кезең.

Құрметпен,
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ұжымы