Шығыс Қазақстанда оқушыларға арналған жазғы археологиялық мектеп өтті
25 Мау 2023
19-23 маусым аралығында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Шығыс Қазақстан облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы бірлесіп 8-10 сынып оқушылары арасында «Киелі Алтайым – туған жерім» атты жазғы археологиялық мектебін өткізді.
Мектептің мақсаты мектеп оқушыларын археология және өлкентану бағыты бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту, археологиялық зерттеу әдістемесімен таныстыру, дарынды оқушыларды тарих және археология бойынша облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу жобалар конкурсына дайындау, жас ұрпақты туған өлкенің мәдени-тарихи мұрасын сақтау, қорғау және насихаттау ісіне тәрбиелеу.
Археологиялық мектепте Институтымыздың жетекші ғылыми қызметкері, PhD доктор Ержанова Альбина Ергешбайқызы және Жүнісханов Айдын Сенғалиұлы археология және археологиялық зерттеу әдістер бойынша дәрістер сериясын өткізді.
Археологиялық мектеп қатысушыларына «Дарын» орталығында археология тарихы, археологиядағы заманауи зерттеу әдістері, қазбадан музейге дейін: бір жәдігер тарихы деген тақырыптар аясында Жүнісханов А.С. дәрістер оқыды.
Жазғы мектептің екінші кезеңі практикалық бөлім болды. Бұл кезеңде қатысушылар Ұлан ауданы территориясында Қызылтас және Ақбауыр археологиялық кешендерінде жүргізіліп ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысымен танысып, қазба жұмыстарына қатысты.
Институтымыздың жетекші ғылыми қызметкері Ержанова А.Е. Ақбауыр кешенінде зерттеліп жатқан №1 және Жүнісханов А.С. №2 қоныстардың зерттелуі туралы далалық жағдайда дәрістер оқыды. Практикалық бөлікте оқушылар далалық жағдайда табылған жәдігерлерді далалық жағдайда өндеу үшін арнайы жасақталған зертхана жұмысымен танысты.
Жазғы мектеп қатысушылары Археология институтының ғылыми қызметкерлерінен өздерінің ғылыми-зерттеу жобалары бойынша кеңес алатын болады.