АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИ МҰРАНЫ ЗЕРТТЕУ, САҚТАУ, ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ НАСИХАТТАУ ЖОЛ КАРТАСЫ БОЙЫНША ЖҰМЫС БАСТАЛДЫ
16 Нау 2023
Бүгін Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов ресми түрде 2023-2025 жылдарға арналған Ақтөбе облысының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту және насихаттау бойынша жол картасының жұмысын бастады.
Іс-шара «Ақтөбе облысының мәдени-тарихи мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихаттаудың өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша ұйымдастырылған дөңгелек үстелде өтті. Шараға Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетнің және Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшылығы қатысты. Сондай-ақ дөңгелек үстел жұмысына Түркияның, Монғолияның, Венгрияның танымал ғалымдары мен Ақтөбе облысының қоғам қайраткерлері де қатысты.
Дөңгелек үстелде қатысушылар далалық өркениеттің бастаулары, ғұн тарихының өзекті мәселелері және өңірдің ортағасырлық мәдениетін зерттеу сияқты бірқатар ғылыми мәселелермен қатар, мәдени мұраны зерттеу, сақтау, жаңғырту және насихаттау бойынша жүргізілетін жұмыстардың перспективаларын талқылады. Институт пен музей қызметкерлері археология саласындағы пәнаралық зерттеулер, археологиялық ескерткіштерді зерттеу және сақтау ісінде ҒЗЖ технологиясын қолдану, өткен тарихты танып-білу мен тарихи мұраны насихаттау ісінде ғылыми жаңғыртпалардың маңыздылығы сынды ауқымды зерттеу тақырыптары бойынша баяндамалар жасады.
Дөңгелек үстелдің екінші бөлімінде қатысушылар Жол картасын жүзеге асыру жоспарын талқыға салды. Жол картасы аясында алдыға қойылған міндеттерге қол жеткізу мақсатында Археология институты 14 археологиялық экспедиция жұмысын ұйымдастыруды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Талқылау барысында Ақтөбе қаласында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан филиалын ашу туралы пікір көпшіліктің қолдауына ие болды.
Сөз соңында Е.Л. Тоғжанов облыс әкімшілігі ғылыми-зерттеу жұмыстарына және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ашылатын филиалына, оның толыққанды жұмыс жасауына қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге жан-жақты қолдау көрсетуге даяр екендігін жеткізіп, барлық бастамаларға сәттілік тіледі!






