1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Абай облысының археологиялық мұрасына қатысты дөңгелек үстел өтті

Абай облысының археологиялық мұрасына қатысты дөңгелек үстел өтті
24 Жел 2025

24 желтоқсанда Алматы қаласындағы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының конференц-залында «Абай облысының археологиясы: аралық қорытындылар, жаңа деректер және даму бағыттары» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Шәкәрім университетінің, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейі мен Назарбаев Университетінің ғалымдары қатысты. 

Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында өтті. Ғылыми басқосуды Шәкәрім университеті мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты бірлесіп ұйымдастырды. 

Шараның басты мақсаты – Абай облысы аумағында 2025 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулердің аралық нәтижелерін талқылау, жаңа ғылыми деректерді ғылыми айналымға енгізу және өңір археологиясын дамытудың басым бағыттарын айқындау.

Дөңгелек үстел барысында тас дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі кең хронологиялық ауқымды қамтитын баяндамалар тыңдалды. Сонымен қатар археологиялық мұраны құжаттандыру мен сақтаудағы цифрлық әдістер, геоматика және цифрлық археологияның заманауи мүмкіндіктері де арнайы қарастырылды. 

Талқылау бөлімінде қатысушылар Абай облысының археологиялық картасын толықтыру, анықталған ескерткіштерді кешенді зерттеу, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық білімін пәнаралық тәсілдермен байланыстыра отырып кеңінен қолдану және алынған нәтижелерді ғылыми жарияланымдар мен цифрлық платформалар арқылы көпшілікке ұсыну мәселелеріне ерекше назар аударды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша өңір археологиясын жүйелі түрде зерттеуді жалғастыру, далалық және зертханалық жұмыстардың ғылыми сапасын арттыру, сондай-ақ Абай облысыы ғылыми жобаларға тарту бағытындағы ұсыныстар тұжырымдалды.