1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Баспасөз хабарламасы

Баспасөз хабарламасы
30 Қаз 2023

2023 жылдың 30-қазанында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты 2023 жылы Қазақстанның солтүстігінде жүргізген далалық археологиялық зерттеулердің алғашқы нәтижелеріне арналған дөңгелек үстел отырысын өткізеді. 

Кешенді далалық зерттеулер ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Мәдени-тарихи үрдіс контекстіндегі Солтүстік Қазақстан: тас дәуірінен бастап этнографиялық бүгінге дейін» атты жобасы аясында атқарылды. 
Ғылыми жобаның мақсаты – әр тарихи кезеңде өңірде болған тарихи-мәдени үдерістердің өзара сабақтастығын анықтау, тарихи ортаны қайта жаңғырту. Кешенді далалық және зертханалық-талдамалық зерттеулер жүргізу арқылы Орталық Еуразияның мәдени мұрасы жүйесінде Солтүстік Қазақстанның рөлін айшықтау.
Зерттеудің территориялық шеңбері – Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облысы аумағы. 
Қамтылған мерзімі – тас дәуірінен этнографиялық бүгінге дейінгі тарихи кезең. 

2023 жылғы кешенді далалық зерттеулерді 11 отряд атқарды және археологиялық қазба, барлау-іздестіру және этноархеологиялық жұмыстардан тұрды. 
Археологиялық қазба жұмыстарын 7 отряд әр кезеңнің 8 ескерткішінде жүзеге асырды. Атап өтсек: 
Солтүстік Қазақстан облысында мезолит-неолиттік Виноградовка 2 тұрағы, ерте темір дәуірінің Березовский обасы және орта ғасырлық Симоновка 11 кешені зерттелді.  
Павлодар облысында палеолиттік Құдайкөл тұрағында, мезолиттік Костомар қонысында, қола дәуірінің Көктас-1 тау-кен орталығында және соңғы қола-ерте темір дәуірінің Аршалы қонысында қазба жұмыстары жүргізілді.  
Қостанай облысында қола дәуірінің Ново-Ильиновский 2 қорымындағы ескерткіш зерттелінді.  
Солтүстік Қазақстан облысы ескерткіштерінің электронды мәліметтер қорын жасақтау мен картографиялау мақсатында барлау-іздестіру жұмыстарын 3 отряд жылдың көктем және күз мезгілінде облыстың Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Есіл, Жамбыл, Мамлютка, Тимирязев және Шал ақын аудандарында жүргізді. Нәтижесінде жаңадан 300-ден аса тарих пен мәдениет ескерткіші анықталып, құжатталды. 
Этноархеологиялық зерттеулер – Қазақстан археологиясындағы жаңа бағыт. Бұл бағыт бойынша 1 отряд қазақтың ру-тайпаларының өлкені қоныстануы, олардың көші-қон маршруттары, қыстақтары, қорымдары және мешіттерін зерттеді. Нәтижесінде 50-ден аса саман және тастан жасалған үйлер, 3 көне мешіттің орны және 3 қорым анықталды. Қорымға қойылған көктастар арап графикасымен жазылған.

Іс-шараның өтетін уақыты мен орны:  
30-қазан, сағ. 11.00.   Петропавл қ., М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, 2-оқу корпусы, конференцзал.

Байланыс: Аружан Ерденова, +7 778 628 9839.