Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен KNUCH арасында ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды
08 Жел 2025
5 желтоқсанда Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Бас директоры Оңғар Ақан және Корея Ұлттық мұра университетінің (Korea National University of Cultural Heritage – KNUCH) президенті Кан Гён-Хван ғылыми-академиялық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бұл келісім екі елдің археология, мәдени мұраны қорғау және ғылыми білім алмасу салаларындағы әріптестігін тереңдетуге бағытталған.
KNUCH – 2000 жылы «Ұлттық тәуелсіздік, мәдени даму» қағидаты негізінде құрылған, Кореяда дәстүрлі мәдениет пен мәдени мұраға маманданған жалғыз ұлттық университет. Университет құрамындағы жеті факультет мәдени мұраны басқару, дәстүрлі құрылыс, консервация ғылымы, конвергентті археология, дәстүрлі өнер мен қолөнер және материалдық емес мәдени мұра бойынша кәсіби мамандар даярлайды. Бүгінде KNUCH мәдени мұраны зерттеу мен сақтаудың заманауи әдістерін қалыптастырған жетекші ғылыми орталықтардың бірі ретінде танылған.
Осы әлеует пен ғылыми мектеп Меморандумның міндеттерімен толық үйлеседі. Тараптар бірлескен археологиялық зерттеулер жүргізуге, ғылыми семинарлар, конференциялар және экспедициялар ұйымдастыруға, сондай-ақ студенттер мен жас зерттеушілерге арналған алмасу бағдарламаларын дамытуға уағдаласты. Кореяның мәдени мұраны сақтау саласындағы тәжірибесі мен Қазақстанның археологиялық қоры ортақ ғылыми жобаларға жаңа серпін беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашпақ.
Корея Ұлттық мұра университетінің ресми веб-сайты https://www.knuh.ac.kr/
