Сарыарқа тиындары: Ортағасырлық Қазақстанның сауда байланыстары туралы жаңа деректер
15 Қаз 2025
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Сарыарқаның археологиялық мұрасы (тас дәуірінен орта ғасырға дейін)» атты жобасы аясында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ортағасыр археологиясы бөлімінің ғылыми қызметкері Инкар Қазмадиярова Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының музейлерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде нумизматикалық коллекцияларға зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Зерттеу барысында Ұлытау облыстық археологиялық музейінің, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығының, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің қорларындағы нумизматикалық материалдарға толық есеп пен талдау жасалды.
Зерттелген коллекциялар қатарында Византия, Рим, Қытай, Жошы Ұлысы, Шағатай мемлекеті және Әмір Темір дәуіріне жататын монеталар анықталды. Бұл олжалар Сарыарқаның әртүрлі тарихи кезеңдердегі кең ауқымды сауда-мәдени байланыстарын көрсетіп, Орталық Қазақстан аумағындағы ақша айналымы тарихы жөніндегі түсініктерді едәуір толықтыра түседі.
Зерттеушінің айтуынша, бұл жұмыс нәтижелері Сарыарқаның нумизматикалық олжаларының жинақталған каталогын әзірлеудің негізіне айналып, өңірдің археологиялық мұрасының бірыңғай дерекқорын жасауға пайдаланылатын болады. Болашақта бұл материалдар ақша айналымы мен ортағасырлық Қазақстанның халықаралық байланыстары тарихына арналған ғылыми жарияланымдар мен музейлік экспозицияларға енгізілмек.