1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан мен Франция археология саласындағы ынтымақтастығын нығайтады

Қазақстан мен Франция археология саласындағы ынтымақтастығын нығайтады
18 Қыр 2025

2025 жылы 18 қыркүйек күні Парижде Адам палеонтологиясы институтында (Université Paris Cité) «Қазақстан археологиясы: жетістіктер мен екіжақты әріптестікті дамытудың перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Конференцияны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігі Францияның CNRS, INRAP сияқты жетекші ғылыми орталықтарымен, Ұлттық табиғи тарих музейімен, Тулуза антропобиология және геномика орталығымен, сондай-ақ Адам музейімен бірлесіп ұйымдастырады.  

Конференцияның басты мақсаты – Қазақстан археологиясындағы соңғы жетістіктерді таныстыру және екіжақты ынтымақтастықтың болашақ жоспарларын талқылау. Конференция шеңберінде тас, қола және темір дәуірлерінің зерттелуіне қатысты мәселелер қарастырылып, цифрлық технологиялар мен пәнаралық әдістерді Қазақстан археологиясында қолдану жолдары талқыланады.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Адам палеонтологиясы институтының, Ұлттық превентивті археология институтының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен Францияның жетекші археологтері атсалысады. Бағдарлама аясында Қазақстанның археология саласындағы жетістіктеріне арналған пленарлық баяндамалар оқылып,  «Қазақстан археологиясындағы тың жаңалықтар» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. 

Шара қорытындысы бойынша Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Францияның жетекші ғылыми мекемелері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады.

Сондай-ақ делегация мүшелері Ұлттық превентивті археологиялық зерттеулер институтымен (Inrap) бірлесіп өткізілетін іс-шараларға қатысады. Бұл шаралар 2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парижге сапары кезінде қол қойылған ниет хаттамасын іске асыру аясында ұйымдастырылады.