Жетісу мен Ганьсу аймағының археометаллургиясы зерттеледі
10 Қыр 2025
Қытай Халық Республикасының Ганьсу провинциясының Мәдени мұра істері басқармасы, Ганьсу провинциясының Мәдени жәдігерлер және археология институты, Солтүстік-Батыс университеті және Ішкі Моңғолия университетінің Тарих және мәдени туризм институтының өкілдерінен құралған делегация Қазақстанға арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында шетелдік қонақтар Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездесіп, институттың инфрақұрылымымен және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Кездесу аясында шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен ғылыми семинар өтті. Семинар барысында археологиядағы заманауи әдістер, Қазақстан мен Қытайдың тарихи-мәдени байланыстары және ортақ зерттеу бағыттары талқыланды.
Сол бағыттардың бірі – Жетісу мен Ганьсу аймағының археометаллургиясын зерттеу. Мұндай зерттеу жұмысының басты мақсаты Еуразия даласындағы ежелгі металлургия орталықтарының қалыптасуы, кен орындарын игеру, қола және темір өндірісінің технологиялары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың шекаралас аймақтарындағы мәдени байланыстарды зерттеу. Зерттеу нәтижелері Еуразия даласындағы байырғы қоғамдардың шаруашылығы мен әлеуметтік-мәдени дамуын жаңа қырынан түсінуге жол ашады деп күтілуде.
Кездесу соңында Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты мен Ганьсу провинциясының Мәдени жәдігерлер және археология институты арасында бірлескен археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру туралы Меморандумға қол қойды.
Келісім Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты Ганьсу провинциясының Мәдени жәдігерлер және археология институты арасында ғылыми өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Ол аясында бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру, Жетісу мен Ганьсу аймағында шоғырланған археометаллургиялық ескерткіштерге далалық және пәнаралық зерттеулер жүргізу көзделген.
Ганьсу провинциясы Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан, ежелден Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының маңызды аймағы болып табылады. Өңірде палеолиттен бастап қола және ерте темір дәуіріне дейінгі археологиялық ескерткіштер сақталған. Әсіресе, қола дәуіріндегі кен орындары мен металл өңдеу шеберханалары Ганьсудың ежелгі металлургия орталықтарының бірі болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар, Дуньхуан үңгірлер кешені сияқты ескерткіштер аймақтың рухани-мәдени ықпалының ауқымын көрсетеді. Ганьсу – Еуразиядағы өркениеттер тоғысын, мәдени байланыстарды және көне технологиялардың дамуын зерттеуде ерекше маңызға ие өңір.