«Археология институты» мен «Президенттік орталығы» ынтымақтастық меморандумына қол қойды
06 Ақп 2025
2024 жылдың 6 ақпанында Астана қаласында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы мен Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат екі тараптың ғылыми ынтымақтастығын дамытуға, бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға, ақпарат алмасуға және ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруға бағытталған. Сонымен қатар, конференциялар, семинарлар, тренингтер, форумдар, көрмелер және басқа да маңызды шараларды бірлесе өткізу жоспарлануда.
Кездесу барысында Ақан Оңғарұлы Археология институтының жаңа басылымдарын таныстырып, оларды Президенттік орталыққа сыйға тартты.
Айта кету керек, 25 қаңтарда Президенттік орталықта ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Т. Қаринның қатысуымен «Қазақстан археологиясы: жаңа ашылымдар» атты көрме ашылды. Оның мақсаты – соңғы жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелерін көпшілікке таныстырып, еліміздің бай тарихи мұрасын насихаттау.
Көрмені Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы, Қазақстан тарихшылар конгресі және Президенттік орталық бірлесіп ұйымдастырды. Оған ҚР Ұлттық музейі, ҚР Мемлекеттік орталық музейі, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының тарихи-өлкетану музейлері, «Ботай» және «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтары өз қорларындағы жаңа жәдігерлерді ұсынды.
Көрме 3 наурызға дейін жалғасады.